Таяуда «Еуразия әлемі» пікір сайыс клубының кезекті басқосуында қатысушылар терроризм мен экстремизм мәселесін сөз етті. Тоқетеріне тоқталар болсақ, саясаттанушылар осы тақырып төңірегінде мынадай мәселелерді тілге тиек етті. Біріншсі, Еуразиялық экономикалық одақ құру ісінде оған қарсылық танытатындар табылуы мүмкін. Екіншісі, Украинадағы жағдай интеграциялық үрдістерге кері әсерін тигізуі ғажап емес. Клуб мүшелері бірінші кезекте террористік әрекеттердің интеграциялық үрдістерге кері әсерін тигізбеуі қажеттігіне алаңдап отыр.

Леся Қаратаева, саясаттанушы:
«Келісімшарт оңай, күресу қиын»
Терроризмге қарсы бірігіп күресу туралы келісімшарт жасау оңай, оны жүзеге асыруы қиын. Себебі, бұған қол қойған әрбір ел артынша аталған келісімшарты өз ыңғайына, көзқарасына қарай қолданады. Сосын, мұндай оқиғалар орын алған жағдайда бір ел екінші бір елдің ішкі ісіне тұмсық тыққысы келмейді. Айталық, мен Лукашенконың Орталық Азиядағы террористердің көзін құрту үшін «өз адамдарын» жібереді дегенге сенбеймін. Себебі, кез келген ел бірінші кезекте өз қауіпсіздігін ойлайды.
ТМД аясында 2014-2016 жылдарға арналған терроризмге қарсы тұру туралы бағдарламаны қарап шықтым. Көңілім толды. Сапалы, сауатты жасалған. Сондай-ақ, мұнда ақпараттық технологиялық ғасырда террорлық әрекеттердің түрлеріне, өзгеріске түсіп отыратындығына мән берілген. Осы ретте кибер-терроризм атты жаңа ұғымды қалыптастырыпты. Бұл қазіргі терроризм жарылыстар жасаумен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге тырысатынын білдіреді.
Соңғы кездері біз бұл ұғымды тым саясиландырып жібердік. Мысалға, Украинадағы Майданға бірқатар басылымдар террорлық әрекет деп баға бергенін де білеміз. Мұндай мәлімет таратқан ақпарат құралдарының өзі терроризм атты ұғымды, оны негізгі мағынасын толық түсінбегендіктен, осындай саяси қателіктерге барады. Ал жалған ақпараттар билікке де әсер етпей тұрмайды. Ақпарат құралдары Майдан наразылықты терроризмге теңеген болса, демек билік те террористерге қарсы күрескен болып шығады…
Өз басым террорлық әрекеттерге қарсы күресті интеграциялық үдерістің аясында емес, ұлттық шеңберде шешу керек деп ойлаймын. Себебі, қазіргі терроризмнің өзі негізінен партизандық сипатқа ие. Ал бұл әрбір елдің ішкі мәселесі. Оған анау жақтан Ресей, мына жақтан Өзбекстан араласуға тиісті емес.Меніңше бұл тарапта тек ақпарат алмасумен және көрші елдің қашқында жүрген қылмыскерін табыстаумен ғана шектелу керек.

Эдуард Полетаев, саясаттанушы:
«Лаңкестік ұйымдар да көпұлтты»
Кедендік одақ аясындағы үш ел Қылмыстық кодексті, оның ішінде терроризм мен экстремизмге қатысты тармақтарды қатаңдатты. Бұл тегін емес. Себебі, осы жыл интеграциялық тұрғыдан алғанда ауыр жыл болады. Еуразиялық эконмомикалық одақтың келісімшартына қол қойылатын кез тақау қалды. Сонымен қатар, Украинадағы жағдайды да назардан қалыс қалдыруға болмайды.
Мен Минск метросында, Волгоград қаласында болған оқиғалар туралы да айта кеткім келеді. Кінәсіз адамдар опат болған оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында Украина мен Минск тиісті заңнамаларды күшейтіп жатыр. Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ, бізде жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды.
Менің ойымша интеграциялық үдерістер біздің елдердің терроризмге қарсы бірігіп күресуге көмектеседі. Қалайша? Бірінші кезекте қазір террористік ұйымдардың әр ұлттың өкілдерінен жинақталады. Мысалға, Әл-Каиданың өзінде 20-дан астам ұлты өкілдері бар екен. Яғни, мұндай трансұлттық құбылысқа қарсы бірігіп күресу қажеттігі туындайды. Бұл өз кезегінде араздасып қалған елдердің арасын жақындатады. Олар бұл тарапта ортақ келісімге келеді.
Жалпы терроризмге қарсы күрес түрлі деңгейде жүргізіледі. Жаһандық деңгейде БҰҰ ықпалы мықты. Аталған ұйымның террорлық әрекеттерді болдырмау мақсатында соңғы 4-5 жылда ауқымда жұмыстар атқарды. Алайда…соның бәрі Орта Азия елдеріне қатысы жоқ сияқты. Жаһандық террор мәселесін көтерген кезде БҰҰ «Орта Азия елдері мұндай жағдайлардан қаншалықты сақтанған?» деген мәселені ұмыт қалдырады.

Рүстем Бұрнашев, Қазақ-неміс университетінің профессоры:
«Біз ұлттық терроризммен бетпе-бет келудеміз»
Қылмыстық кодекстегі шикіліктер бар. Мәселен, терроризм мен экстремизмнің арасындағы айырмашылық ашып көрсетілмеген.
Біріншіден, террорлық әрекеттерге қатысты заңнаманы қатаңдату деген мәселенің өзіне дұрыс тоқталмаймыз. Көбінесе террористерді түрмеге қамату мерзімін ұзартумен ғана шектелеміз. Екіншіден, көп жағдайда терроризм мен экстремизмді қатар алып қарастырамыз. Бұл қате түсінік. Негізінде экстремизмнің ауқымы әлдеқайда кең. Яғни, біз экстремизмге қарсы күресті күшейтуміз керек дегенде нақты не нәрсеге қарсы күресетінімізді өзіміз де ашып бере алмаймыз. Айталық, бір адамды террорлық әрекеттерге барды деп айыптау аса қиын. Ол үшінең алдымен бұлтартпас дәлелдер керек. Яғни, жарылғыш заттар, аталған адамның таспаға түсіп қалған нақты әрекеттері… Ал экстремистік әрекеттерге барды деп кез келген адамды айыптауға болады.
Айталық терроризмнің өзі халықаралық және аймақтық бөліп бөлінеді. Екеуінің айырмашалығы жер мен көктей. Ал осы екі ұғым біздің Еуразиялық кеңістікте көбінесе бір-біріне қабаттаса қолданылады. Біз әлемдік қауымдастыққа еліктеп, террористерді халықаралық деңгейде қарастыруға шеберміз. Сайып келгенде АҚШ мен Батыс елдері ізін аңдып жүрген террористердің бізге түк қатысы жоқ. Себебі, біз халықаралық емес, ұлттық терроризммен бетпе-бет келудеміз. Яғни, дәл қазір ұлттық деңгейде террорлық белсенділік танытып отырған шағын топтармен күрес жүргізіліп жатыр. Ал мұндай топтардың халықаралық деңгейге түк қатысы жоқ. Бұлар халықаралық тәртіпті өзгертуге ұмтылмайды. Мәселен, Өзбекстандағы террорлық әрекеттер Өзбекстан билігінің режімін құлатуға және саяси билікті өзгертуге бағытталды. Турасын айтқанда, ол тұтастай Орталық Азияға немесе Кедендік одаққа бағытталған жоқ. Ал оларға қарсы күресті халықаралық ұйымдарды тартуға талпынған Өзбекстан артынша бұл әрекетінен түк шықпасын сезді. Былайша айтқанда, халықаралық деңгейдегі күрестің тиімсіздігін бірден байқады да, іс-шараларды ұлттық деңгейде жүргізуге көшті.

Замир Қаражанов, журналист:
«Қарудан гөрі, қалам қауіпті»
Бірінші кезекте ақпараттық қауіпсіздікті ойластыру қажет. Сайып келгенде, қарудан гөрі, қалам қорқынышты. Егер біз біртұтас интеграциялық кеңістік қалыптастыратын болсақ, ортақ ақпараттық кеңістікті құруға тиістіміз. Меніңше, ортақ кеңістікті қалыптастырғалы отырған мемлекеттер терроризм мәселесіне келгенде бірігіп әрекет етуі қажет.
Тағы бір айта кететінім, бізге халықаралық деңгейдегі террористердің келуі мүмкін емес дейтіндердің не нәрсеге сүйенетін білмеймін. Сирияны мысалға алайықшы. Былай қарасаңыз, айдалада жатқан ел. Бірақ Сирияға Қазақстан азаматтары да аттанғанын білесіздер. Солардың жолын бөгеп отырған қандай құрылымды көріп отырсыздар?! Ал сол Сирияға аттанған азаматтар ертең Қазақстанға қайтіп келсе не болмақ?! Бұлардың барлығы да соғыстың дәмін татқан, террористік тәжірибені меңгерген. Дәл мұндай жағдай көрші Ресейге де тән. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда қазір Сирияда кем дегенде 400 Ресей азаматы соғысып жүр. Сайып келгенде, Батыс пен Шығыстың өзара диалог құруына осындай жалдамалы жауынгерлердің әрекеті кері әсерін тигізіп отыр.
Экстремизм мен терроризмнің алдын-алу туралы бағдарламада Қазақстанда терроризм қаупінің артып бара жатқаны айтылады. Бұл қаншалықты сарапталған, сүзгіден өткен зерттеу екенін өз басым білмеймін. Білерім, бүгінгідей жаһанданған әлемде көлік инфрақұрылымдарына тек бизнес өкілдері ғана емес, сонымен қатар террористік топтар да қол жеткізіп отыр. Ал интеграциялық үдерістер террорлық әрекеттердің алдын-алуға нақты септесуі үшін бұл тарапта нақты бағдарлама қабылдау қажет.

Әзірлеген Назгүл Қараева

Сілтеме: АйнаLine

от wefund