Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде өткен Кеден одағы елдері көшбасшылары, Украина және Еуропалық одақ өкілдері кездесуінің қорытындылары жөнінде брифинг өткізді.
Қазақстан Президенті Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған кездесудің маңызды болғанын айтты.
– Қазақстан мен Беларусьтың осы мәселелер бойынша пікір алмасу және талқылау мақсатындағы кездесуді Минскіде өткізу бастамасын маңызды деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында біздің еліміз Донбасс және Луганск халқына гуманитарлық көмек көрсету мәселесін қарастыруға бастамашылық еткенін атап өтті.
– Қазақстан оны қамтамасыз ету ісіне қатысуға дайын. Мен гуманитарлық жүкті жеткізу кезінде бітім жариялауды және оларды өткізу үшін арнайы дәліз қамтамасыз ету туралы ұсыныс тастадым. Бұл үдеріске Ресейден басқа елдер де қатысуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Украинаның Еуропалық Одақпен қауымдасуы туралы келісімінің Кеден одағы елдеріне тигізетін ықтимал салдары кездесудегі тақырыптардың бірі болғандығын мәлімдеді.
– Мәселе – осы қауымдасудың нәтижесінде Еуропа елдерінен Украинаға әкелінетін тауарларға кедергілер толығымен жойылатындығында. Бұл дегеніміз, сапалы әрі арзан еуропалық тауарлар Украинаға әкелінеді, ал бұл елдің тауарлары Ресейге, сондай-ақ біздің елге экспортталады. Бізге мұны ескеру керек.
Қауымдасу туралы шартты имплементациялау біздің елдеріміздің сауда қатынастарына зиянын тигізбеу мәселесі Еуропалық комиссия басшылығымен бірге қарастырылды. Осы мәселелермен айналысатын, қажет болғанда Украинаның Еуропалық Одақпен уағдаластықтарына өзгерістер ұсынатын жұмыс тобын құруға шешім қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ең басты мақсаттардың бірі– Ресей мен Украина президенттерінің кездесуін ұйымдастыру болғанын айтты.
– Қазақстан мен Украинаның арасын тарихи байланыстар жалғап жатыр. Біздің еліміздің сыртқы саудасында Украина үлкен үлеске ие. Біз әрдайым сенімді қарым-қатынаста болдық, сондықтан Украинада болып жатқан жағдайға қатты алаңдаймыз. Мен тараптардың уағдаластыққа қол жеткізіп, түйткілдерді шешуі үшін бар күш-жігерімді салдым. Бір мәмілеге келу керек, бұл өзара белгілі бір шегіністі білдіреді. Владимир Путин мен Петр Порошенконың жеке кездесуі – бүгінгі шараның басты қорытындысы, – деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев мұндай кездесуді жалғастыру туралы уағдаластық пен мәселені біртіндеп шешудің маңыздылығына назар аударды.
– Бәлкім, келесі кездесу Қазақстанда өтетін болар, бұл турасында Еуропалық Одақ өтініш білдірді. Біз келісім бердік. Қалай болғанда да, кез келген келіссөз қақтығыстан жақсы. Бұл кездесуге біздің қатысуымыздың өзіндік маңызы болды, өйткені Қазақстан екі тараптың да сеніміне ие. Біз әділміз, бейбітшілікті, сондай-ақ ынтымақтастық пен өзара түсіністікті жолға қою мәселесіне көмектесе отырып, Ресей мен Украинаның уағдаластыққа қол жеткізгенін қалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Украина, Ресей және Беларусь Республикасының президенттерімен кездесті. Үш мемлекеттің көшбасшылары Украина Президенті мен Еуропалық одақ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесудің қорытындысын талқылады. Президенттер Украинадағы ахуалды тездетіп реттеуге бағытталған күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет басшылары Кедендік одақ пен 2015 жылы іске кірісетін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басымдыққа ие бағыттарын қарастырды.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Қазір әлемнің назары Минскіге ауып отыр. Күні кеше ғана ТМД құрамында болған екі ел арасындағы жағдай бақылаудан шығып кетті. Украина жағы Минскідегі Кеден одағы және Еуропа одағы басшыларымен болған кездесудің қорытындысы бойынша сөйлеген сөзінде қазір көп қырлы форматта жұмыс жүріп жатқанын және бәрі әлі алда екенін айтып жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша кесімді сөз айтуға әлі ерте. Украина осыған дейін Ресейдің гуманитарлық көмегінен бас тартқан. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін бітім жариялау керек» деген бастамасы дер кезінде және орнымен айтылды. Біздің елдеріміз арасындағы байланыстың тамыры тым тереңде жатыр. Одан бөлек, Елбасымыздың жастық шағының белгілі бір кезеңдері осы елде өтті. Сондықтан украиналықтар бізге сенеді. Қазақ президентінің ұсынысы екі ел арасындағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге септігін тигізеді, ТМД және ЕО мүше елдердің қолдауына ие болады деп ойлаймын.
Эдуард Полетаев, саясаттанушы:
– Кездесудің қорытындысы жайлы пікір айтуға әлі ерте. Бірақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы ЕО елдері басшыларының назарын өзіне аударды деп ойлаймын. Себебі бұл жерде жағдайдың бейбіт жолмен реттелуіне Ресейдің өзі де мүдделі болып отыр. Сондықтан Қазақстан Президентінің бастамасын КО мүше елдерінің ұжымдық бастамасы деп қабылдауға болар еді. Оның қазақ жағынан айтылуы дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Себебі гуманитарлық көмек көрсету арқылы бітімге келу әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Одан бөлек, украиналықтардың біздің елімізге, Елбасымызға деген құрметі, сенімі ерекше.
Сондықтан Қазақстан Президентінің бастамасы кездесу қорытындысына түбегейлі әсер етеді деп ойлаймын.
Санжар Боқаев, саясаттану ғылымының докторы:
– Қазақстан Республикасы Президентінің абыройы мен сенім портфелі конфликті жағдайларды оңтайлы шешуде маңызды рөл атқарады. Тіпті Ресей Федерациясының көмегінен бас тартқан, Украин мемлекетіне гуманитарлық көмектің жіберілуі – дұрыс шешім және Елбасының тапқан әдемі технологиясы деп айтса да болады. Бұл көмек Украин елінің шығыс бөлігіндегі жапа шеккен халыққа көп себеп болады. Соның өзінде Қазақстан көп қаражатын жоғалтпайды. Сонымен, қазіргі кездегі шиеленістің басылуы – Назарбаевтың төреші рөліндегі жеткен жемісі. Бұл дегеніміз маңызды келіссөздерге деген алғашқы қадам. Нақтылып айтсақ, Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы келіссөздерге қолдау көрсету мақсатында маңызды және қиын миссияны атқарып келеді.
Источник: Айкын