«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубы бұл жолы өте өзекті мәселені талқылады. Атап айтқанда сөзсайысқа қатысқандар «әзіргі Еуразия экономикалық одағының транзиттік әлеуеті қандай болады?» деген сауал төңірегінде көкейдегі ойларын айтты. Бұл тарапта одақ аясында транзиттік әріптестік қалай дамиды? Қазақстанда транзиттік түсім қаншалықты? Шығынның мөлшері қанша? Транзиттік әлеует пен инфарқұрылымды қалай байланыстыруға болады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеген қонақтардың ілкі ойларын ортаға салуды жөн көрдік.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше еліміздің транзиттік әлеуеті зор. Алайда бұл мәселені ендігі жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясында шешу қажет. «Бұл тарапта біз өзіміздің транзиттік әлеуетімізді жаңа деңгейге көтеру керекпіз. Мысалға, бізге әлі де болса Қытай тауарын Еуропаға тасымалдау әрі ауыр, әрі шығынды. Дегенмен, жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Қытай шетелдік инвесторларға ашықтық танытып отыр. Ал қытай кәсіпкерлері Қытайдың өз ішіндегі нарық тым тарылып кеткендіктен, бизнестерін шет аймақтарға, атап айтқанда бізге жақын өңірлерге көшіруде. Мысалға, әзіргі күні Үрімші мен Шыңжаңға қомақты инвестициялар салынып жатыр. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік потенциалын арттырары анық. Еуразиялық одақ аясында «Жібек жолы» жобасын жандандыруға Қытайдың өзі қолдау білдіріп отыр. Ал бұл дегеніміз Қазақстанға теңіз жолы ашылады деген сөз» деді саясаттанушы. Ал Қазақстандағы шекаралық әріптестік Қауымдастығының өкілі Марат Шибұттың келтірген деректеріне қарағанда Қазақстанның транзиттік шығындары мен түсімдерінің арасында бәлендей айырмашылық жоқ. «Егер 2002-2013 жылдағы аралықты алар болсақ, мұның 5 жылы біз үшін табысты болды. Ал 8 жылы айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Ал өткен жылы Қазақстан өз территориясы арқылы транзиттен 2 млрд.286 млн. доллар табыс түсірсе, өзге елдің территориясы арқылы өткені үшін 2 млрд.268 млн. теңге төледі. Сайып келгенде, табыс пен шығыс тепе-тең түсті. Біз табысымыздың негізі, Қазақстан территориясы арқылы өтетін ресейлік және қытайлық газ транзиті. Бұл шамалап айтқанда 1 млрд. 96 млн.доллар. Келесі кезекте теміржол тасымалы келеді. Бұл – 850 млн.доллар. Ал автокөлік транспорты 250 млн. долларды құрайды. Әуе транспортының табысы мардымсыз. Бар болғаны 86 млн. доллар ғана» деді Шибұт. Ал саясаттанушы Андрей Чеботарев «дәл қазір ирандық бағыттағы әріптестікті арттырған жөн» деді. «Неге десеңіздер, Ресей жақында ғана Иранмен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды арттыру туралы келісімге қол қойды. Мұндай жағдайда мұнай және тауар алмасу процесі жүреді. Айталық, Иран аумағынан мұнай, ал Ресейден тауар дегендей. Бұл жобаның Әзірбайжан территориясы арқылы жүзеге асуы неғайбыл. Меніңше, бұл іске Қазақстан араласады. Оның ішінде, Ақтау порты негізгі нысанға айналмақ. Сондықтан бұл біз үшін тиімді» деді Сосын алдағы уақытта Қазақстан мен Иранның арасында шикі мұнай алмасу оцерациясы жүзеге асуы мүмкін. Бірақ, қашан және қай уақытта екенін дөп басып айту қиын. Бұл жүйе бір кездері, нақтырақ айтсам 2007 жылдары болды. Ол жылдары Қазақстан Ақтау арқылы Иранның солтүстігіне мұнай жеткізетін. Білетін болсаңыздар, бұл өңірде (Иранның) отын жетіспейді» деді ол. Өз кезегінде «Алмагест» консалтингілік компаниясының бас директоры Айдархан Құсайынов, Еуразия экономикалық одағының транзиттік әлеуеті тек бір ғана елге, атап айтқанда Ресей тіреліп тұрғанын айтты. Бұл тарапта ресейлік транспорттық монополистер Қазақстанның тынысын қазірден-ақ тарылтып жатыр. Сайып келгенде, Қазақстан бұл арада одақ шеңберінен шығып, түрлі бағытта дамудың жолдарын қарастыру керек. Ал осынау жиынды түйіндеген саясаттанушы Антон Морозов: «Қазақстандағы, яғни біздегі көлік жолдарының ұзақтығы 128,3 мың шақырымды құрайды. Мұндағы облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 73,9 мың шақырым. Ал республикалық маңыздағы жолдарға құйылатын инвестиция көлемі бізде 2 млрд. долларды құрайды. Сайып келгенде, мұның бәрі транзиттік жолдар емес пе? Алайда мынадай мәселе бар…бұл бірінші кезекте сапа. 2013 жылдың деректеріне қарағанда Қазақстан жолдарының тек 20 пайызы ғана сын көтереді» деді өз сөзінде.
Автор: Серік Жұмабаев
Алаш айнасы иллюстрациясы
Толығырақ: Алаш айнасы