Екінші дүниежүзілік соғыс, Жеңістің 70 жылдығына қатысты көзқарас қандай? Кейбіреулер оның нәтижесі мен барысын неліктен бұрмалап жүр? Бұл кімге қажет?
«Еуразия әлемі» пікір сайыс клубында өткен басқосуда сарапшылар «Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін қайта қарауға қатысты туындайтын тәуекелдер мен тенденциялар» атты тақырыпты талқыға салып, ойларын айтты.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше аталған тақырып күн өткен сайын идеологиялық соғыстың құралына айналып барады. «Көптеген тарихи оқиғаларға саяси баға беру жиілеп кетті. Оны тым өзектендіріп жібердік. Анығы Ұлы Отан соғысының нәтижелеріне және оның маңызына күдік келтіруге болмайды. Меніңше бұл тараптағы талқылаулардың арты жақсылыққа әкелмейді» деді ол.
Саясаттанушы Юрий Бұлықтаевтың пікірінше, шынымен де кейбіреулер бұл соғысты бұрмалап көрсеткісі келеді. «Әлеуметтік желіде егер Гитлер бізді басып алар болса Еуропадағыдай өмір сүрер едік дейді. Бұл да тапсырыспен жасалып отыр. Бүгінгі ұрпақтың санасында соғысқа қатыстқан жауынгерлердің ерлігін жоққа шығару үшін…Мұнда АҚШ араласып отыр деп ойлаймын. Себебі, олар бұл соғыста өздерін жеңімпаз ретінде көрсеткісі келеді» деді ол.
Ал журналист Владислав Юрицынның айтуынша, соңғы кездері сол кезгі соғыс символикалары идеологиялық құралға айналып үлгерді. «Айталық, «Украина ұлтшылдары бірлестігі» УҰБ белгісін тағып жүр. Өз кезегінде Украинаның шығысындағы сепаратистер георги ленталарын қолдануда. Яғни, соғыс жаңғырығы өлген жоқ» дейді Юрицын.
Өз кезегінде блогер Қазбек Бейсебаев былай деді: «Бұл біздің соғыс емес дейтіндер бар. Ондайлар көбейіп келеді. Әсіресе, жастар арасында. Өз басым осы түсінікті жоққа шығаруға тырысып жатырмын. Жақында «Біз ұмытпаймыз, біз мақтан тұтамыз» атты қазақстандық жауынгерлердің мәліметтері жинақталған кітапты жарыққа шығардық. Мұндағы мақсат соғысқа біздің де араласқанымызды, одан біздің де шет қалмағанымызды көрсету» деді Бейсебаев.
Толығырақ: DalaNews