Еуразиялық одақ пен БҰҰ бірігіп жұмыс істеуі мүмкін бе? «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында бас қосқан сарапшылар мен саясаттанушылар аталған тақырыпты талқыға салды. «ЕЭО және БҰҰ: жақындасу қадамы» атты тақырыпта өткен жиында бұл тараптағы түрлі ой-пікірлер ортаға тасталды.
Саясаттанушы, «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының жетекшісі Эдуард Полетаевтың айтуынша екі ірі бірлестіктің әріптесіп жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік бар.
– Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы өтеді. Жалпы биылғы жылы осы ұйымның штаб-пәтерінде (Нью-Йоркте) Еуразиялық одақтың таныстырылымы өткен болатын. Өз кезегінде осы одаққа мүше елдер ұйымның 70-ші сессиясында бақылаушы статусын аларынан үмітті.
Бұл өз кезегінде біздің ұйымға үлкен мүмкіндік берер еді. Егер бақылаушы статусына ие болсақ Бас Ассамблеяның жиындарына қатыса аламыз. Көптеген маңызды құжаттарды талқылайтын боламыз. Сайып келгенде мұндай статусқа қол жеткізсек Еуразиялық одақ БҰҰ аясында көптеген проблемаларды шешуге араласа алады. Ал БҰҰ-ның өзі біздей ұйымдармен жұмыс істеуге мұхтаж, – деді Полетаев
Ал Ұлттық әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Андрей Ханның айтуынша БҰҰ мен Еуразиялық одақтың бірігіп жұмыс істеуінен пайда да, зиян да болмайды. «Бірақ, Еуразиялық одаққа нәтиже керек. Алайда дәл біздей ұйымдар әлемде жетіп артылады. Халықаралық құқықтың субъектісі болып табылатын 400-дей ұйым бар. Оның үстіне Бас Ассамблея аса маңызды мәселелерді әлемдегі ең ірі мемлекеттермен бірге талқылайтыны белгілі. Бұл арада бірінші кезекте Ресейдің пікірі назарға алынады.
Одан кейін бұл бірігу тез арада тағы жүзеге аспасын түсіну керек. АСЕАН, ШЫҰ, Африка одағы сияқты ұйымдар БҰҰ-мен әлі толық интеграцияланған жоқ. Бұған уақыт керек. Дәл қазір БҰҰ-мен тығыз байланыс орнатқан ұйымдардың бірі бұл – ЕуроОдақ», – деді маман өз сөзінде.
Алматы қаласындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты өкілдігінің жетекшісі Мәдина Нұрғалиеваның пікірінше, Еуразиялық одаққа аймақтық деңгейден асып, жаһандық деңгейге шығатын уақыт келді.
– БҰҰ-ның бақылаушы статусына ие болсақ бұл біз үшін тек саяси немесе экономикалық тиімділік емес, бұл имидждік бонус, – деді ол.
Өз кезегінде «Алмагест»консалтингілік компаниясының директоры: «Айдархан» Құсайынов: «Мұндай статусқа ие болсақ, бұл әлемнің біздің ұйымды ресми мойындағаны болып есептеледі. Бұл біз үшін «төлқұжат» алумен бірдейді. Бірақ, бұлай жасар болсақ Ресей күшейіп, Қазақстанның позициясы әлсіреуі мүмкін. Бұдан бұрынғы бірлескен ұйымдарда айшықталған көшбасшы жоқ еді. Дегенмен, бұл бізге өте тиімді қадам болмақ.Одаққа мүше мемлекеттер ЕЭО-ның атынан сөйлейтін мүмкіндікке ие болады» деді.
Жиынды түйіндеген саясаттанушы Зәмір Қаражановтың пікірінше, Еуразиялық одақтың БҰҰ-ның бақылаушы статусына ие болуы дәл қазір неғайбыл. «Себебі, Украина мәселесі барда Америка Ресеймен байланысты барлық ұйымдарды аяғынан тұсап отыр», – деді ол.
Источник: DalaNews.Kz