Еуразиялық одаққа біріккен елдер әлеуметтік саясаты қалай жүргізіп отыр?
«Еуразия әлемі» пікір сайыс клубында «Еуразия кеңістігіндегі әлеуметтік саясат: күн тәртібіндегі мәселелер, реформалар және әріптестік» мәселерін талқылаған сарапшылар осы тақырып төңірегіндегі ой пікірлерін ортаға салды.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей әлеуметтік саясатқа ерекше көңіл бөлуде. Бұл өз кезегінде елдің тұрмысы түзеліп, экономикалық ахуалдың жақсаруына септесуде.
«Президенттің өткен жолғы Жолдауы да (Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру: табысты арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту) да әлеуметтік салаға бағытталған.
Бұл оң әсерін беруі тиіс. Себебі, экономикалық даму мен әлеуметтік даму өзара тығыз байланысып жатыр. Әлеуметтік саланы кем-кетіктерін түзетіп, бір бағдарлама аясында дамытуды одаққа біріккен елдер бірлесіп ойласса да артық емес», – дейді ол.
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті
Гүлмира Илеуованың пікірінше, одақтас елдердің әлеуметтік саясат ұқсат болып келуінің бірнеше себебі бар.
– Қазіргі одақтас елдердердің барлығы бір кезде КСРО-ның шекпенінен шықты. Кеңес кезінде қаланған іргетас, бұл елдердің әлеуметтік саясатына да әсер еткені анық. Ал ол тұстағы әлеуметтік саясат капиталистік елдердің бағытына мүлде ұқсамайтын.
Ал қазіргі таңдағы жағдай қандай? Байқап отырсақ, КСРО-дан бөлінген барлық елдердің өз бағыты, өз стратегиясы бар.
Бір анығы, мемлекет экономикалық тұрғыдан неғұрлым әлсіз болса, соғырлым әлеуметтік саясаты да кемшін дамыған деп тұжырымдауға болады. Шынын айту керек, кеңес кезіндегі әлеуметтік стандарттар әбден ескіргені де жасырын емес, – дейді ол.
Өз Zonakz.net интернет-басылымының саяси шолушысы Владислав Юрицын: Әлеуметтік сала ақсап тұр, ашық айту керек. Зейнет жасына шығудың мерзімі жыл өткен сайын ұзарып барады. Адам ол жасқа жете ме, жоқ па тағы белгісіз. Мемлекеттік адамға бейнеттің зейнетін көруге мүмкіндік бермеуде. Жұмыссыз жүргендерге салық салу тіпті ақылға сыймайтын іс. Ақшасы жоқ адамға салық сала ма есі дұрыс елі?
Кезінде Наполеонның өзі айтып кеткен, шамадан тыс салық төңкеріске алып келетін төте жол деп. Қазіргідей қиын шақта салықты шарықтатпай, азайтқанымыз жөн, – деген пікір білдірді.
Шараны түйіндеген «Мәскеу комсомолшысы Қазақстанға» газеті бас редакторының орынбасары Сергей Козлов бұл ретте әлеуметтік саясат халықтың сөзімен санасу дегенді білдіретінін айтты.
«Халық қалаған бастаманы ғана жүзеге асыру, халық қолдаған реформаны іске қосу. Мемлекет басындағы бір топ шенді-шекпендінің шешімдері әлеуметтік саясатқа жатпайды», – деді ол.