«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында «Идея шындыққа айналды: Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бастамасына 25 жыл» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараған қатысқан сарапшылар осы төңіректегі ой-пікірін ортаға салды.
Бүкілресейлік қоғамдық пікірді сараптау орталығының директоры Валерий Федоровтың айтуынша орталық мамандары Еуразиялық одақтың жұмысымен елдің қаншалықты хабардар екенін білуі үшін сараптама жүргізіпті.
«Ресейге әркез одақтастар керек, одақтастар біздің экономикамызды жоғары деңгейде ұстап дамуына көмектеседі.
Бұл менің емес, өзім басқаратын ұйым жүргізген сауалнама нәтижесі. Еуразиялық одақты сынайтындарға қарағанда қолдайтындар көп.
Шыны керек Еуразиялық одақ посткеңестік елдердің соңғы жиырма бес жылдағы ең жемісті жобасы» деді ол.
Өз кезегінде Алматы менеджмент университеті мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің деканы Аскар Нұрша одақтың көптеген кемшіліктеріне көз жұма қараудың қажеті жоқтығын айтты.
– Шыны керек Еуразиялық одақты жиі талқылаймыз.
Бұл ұйымның саяси тұрғыдан қауіпті екенін талай танымал, сыйлы саясаттанушылар сөз етіп жүр.
Одақ аясына біріккен елдерде пропаганданың күші зор екені де жасырын емес. Айталық, ресейлік БАҚ негізінен екі топ туралы айтады. Оның бірі – Сирия, Ирак және Венесуэла. Бұлардың Ресейдің достары.
Ал енді бірі Украина және Грузия. Бұлар тиісінше Батыстың достары. Одаққа біріккен Қазақстан сияқты елдер өкінішке орай осы пропаганданың ықпалына түсіп қалып жатыр» деді ол.
Ал саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірінше Еуразиялық одаққа қатысты ақпарат тым тапшы.
«Мысалға, қазіргі таңда Ресейде 200 мыңға тарта қазақстандықтар жұмыс істейді екен. Бірақ, бұл туралы бірде бір ақпарат құралы хабар таратқан жоқ.
Демек, Ресей осынша қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр деген сөз. Ал біздегі Үдемелі индустриялық бағдарлама жылына әрі кетсе 10 мың адамды жұмыспен қамтиды» деді ол.
Өз кезегінде саясаттанушы Андрей Чеботарев: «Интеграцияның екінші толқыны 2025 жылы басталады. Сол кезде мұнай мен газ, жалпы мұнай өнімдерінің ортақ нарығы пайда болады, ортақ қаржылық нарық, мемлекетаралық органдар құрылады.
Алайда ол уақытқа дейін әзір Еуразиялық экономикалық одаққа біріккен елдердің саяси-әлеуметтік өмірінде қандай өзгерістер орын алары белгісіз…» деді ол.
Источник: Казахстанский республиканский национальный научный портал NAUKA.KZ