Қазақтың мүддесін қаузайтындар мен орыстілді, оның ішінде орыстық ұстанымдағы қауымның арасындағы кейде ашық, кейде астыртын жүргізілетін айқас соңғы кездері күш алмаса бәсеңдей қойған жоқ.
Еуразиялық одаққа бірігеміз дегелі: «Ормандай орыспен одақтасқаннан опа табамыз ба? Бұл бірігудің соңы Ресейдің қолтығына кіруімен аяқталып жүрмей ме? Әріптесудің жөні осы екен деп ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатуы керек пе? Жалпы, одақтасу кім үшін, не үшін керек болды?» деген сауалдар алдыңғы кезекте қазақтілді, қазақы көзқарастағы азаматтарды толғандырып отыр. Осы тараптағы ұлт жанашырларының ұстанымын, пайым-пікірін қазақ баспасөзі барынша қамтып көрсетті. «Путиндік режімнің империалистік пиғылдан арылмағанын, келмеске кеткен кеңестік дәуірді қайта тірілтуді көксейтіндердің көп екенін» айтты.
Ал бұған қатысты қарсы тараптың, Ресеймен арадағы қарым-қатынастың құлашын кеңейтуді құптайтындардың тоқтамы, тұжырымы қандай? Білмейді емес, білеміз. Әйткенмен, ұлттың мүддесі, тіл мен ділдің тұтастығы туралы жазғанда көбінесе көңіліміздегі дүниелерді ақтарып, екінші жақтың айтқандарын есепке алмай кететініміз бар. Иә, ақпараттық майданда орыстілділердің де есесін жібергісі жоқ. Пікірге келгенде таразы басын тең ұстауға тырысқандарымен, түйіндерінің арғы тінінде «қазақтың күні орыспен» деген емеурін анық аңғарылады. Талай байқағанбыз…
Бәлкім, біреу білер, біреу білмес Алматыда «Еуразия әлемі» деп аталатын пікірсайыс клубы бар. Атауы құрлықтық ауқымды қамтығанмен, негізінен бір ғана тақырыпты шиырлайды. Клубтың сарапшылары саналатын орыстілді саясаттанушылар мен журналистер Қазақстан мен Ресейдің арасындағы байланысты арттырудың сан-салалы жолдарын іздейді. «Еуразиялық ынтмақтастықтың мүмкіндіктері, интеграцияны жеделдетудің жолдары, Кедендік одақтың артықшылықтары мен кемшіліктері» талқыланған клубтың кезекті отырысына біз де қонақ болып қайттық. Негізгі тақырыптан тыс жоғарыдағы сауалдарға азды-көпті жауап алған болдық. Осы ретте отырысқа қатысқан бірқатар саясаттанушылар мен журналистер пікірлерінің қаймағын қалқып бердік.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:
– Ресей Қазақстанға және Қазақстан Ресейге не үшін қажет? Бұл арада геосаясат мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Біз қаласақ та, қаламасақ та көршімізден іргемізді аулақ сала алмаймыз. Ресеймен қатар өмір сүруді маңдайымызға жазған. Бұл бізге Еуропаға жол ашады, себебі Қазақстанның тікелей Ұлы мұхитқа шығу мүмкіндігі жоқ. Ал Ресей үшін Қазақстан Орталық Азияға одан әрі Шығысқа жол ашар алтын қақпа….Әйткенмен екі елдің арасындағы әріптестік бір ізге түсті деп айтпас едім. Биылғы жылдың ақпан айында өткен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Владимир Путин екі елдің арасындағы қарым-қатынастарда кілтипандардың бар екенін ашық айтты. Бұған дейін мұндай пікір мүлдем айтылмаған болатын. Бұл ретте ең алдымен Байқоңыр және әскери полигондардың мәселесі айтылады. Алайда, меніңше бұл ойдан шығарылған мәселе. Әлдебір мақаладан оқығанымдай, Қазақстан Байқоңырды жалға беру мерзімін созған тұста, ресейлік тарап «ғарыш айлағын біз алайық, ал қаланы сіздерге қалдырамыз» деген ұсыныс айтқан. Алайда Қазақстан жағы бұдан бас тартты, енді келіп ұлт патриоттары «біз тәуелсіздігімізді жоғалттық» деген сыңайдағы пікір айтады. Кешіріңіздер, сонда қаланы жалға беруге келісімін берген кім?..
Енді полигондар мәселесіне тоқталайын. 2005-2006 жылдары Қазақстан Түрікменстан сияқты өзге елдің әскери қолдауын қажет етпейтін бейтарап мемлекет болуы керек деген ұсыныстар айтылды. Дәл қазір еліміздегі Байқоңыр мен 4 полигонда Ресейдің әскери-құрылыс басқармасын жасақтауға рұқсат етілген. Алайда бұлардың Қазақстан экологиясына қаншалықты зиянын тигізіп отырғаны зерттеп-зерделенбей отыр. Тек Байқоңыр тақырыбы талқылауға түскелі ғана осы мәселе қозғала бастады. Әйткенмен, бұларды Семей полигонының ауқымымен салыстырмас едім.
Егер объективті тұрғыдан қарасақ бізге Байқоңыр мен полигондар не береді? Бәлкім артықтау айтқан болармын, алайда бүгінгі күні ешкім біздің бүйірімізден тимейді. Себебі, бізге шабуылдай отырып, сыртқы жау өз кезегінде Ресейге де ауыз салған болып есептеледі. Сайып келгенде, соншалықты қуатты болмаса да Қазақстанның қауіпсіздік кепілдігі бар. Ал қазақстандық полигондарда орналасқан Ресейдің әскери құрылымдарын Тәуелсіздікке нұқсан тигізеді деп бағалайтындарды өз басым қателеседі деп ойлаймын. Енді экономикаға келелік. Қазақстан экономикасының ең негізгі қозғаушы күші – мұнай. «Лукойл» біздегі үш бірдей жобадан кетті. Ал «Роснефть» болса Құрманғазы кен ошағынан қасықтай мұнай тапқан жоқ. Дәл қазір ресейліктер Қазақстандағы екі нүктеде ғана тұрақтап тұр. Сондай-ақ «Лукойл» – «Аташ» теңіздегі кен ошағынан түк таба алмады. Байқар болсаңыз, дәл қазір мынадай қызықты жағдайға куәміз. Ресей біртіндеп-біртіндеп қазақстандық мұнай нарығындағы қатысуын қысқартып келеді, есесіне Қытайдың үлесі күн өткен сайын артып келе жатыр. Мұндай жағдайда Ресей Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп айтуға бола ма? Тағы бір айта кетер жайт, қазақстандық ақпараттық кеңістікте ресейлік БАҚ-тың ауқымы кең екені ешкімге жасырын емес. Не себепті? Білгіңіз келсе айтайын. Сайып келгенде оларды қазақстандық нарықты жаулап алғандары үшін сөгуге болмайды, себебі бар мәселе қазақстандық БАҚ-тың әлсіздігінде, сапасының төмендігінде жатыр.
Эдуард ПОЛЕТАЕВ, саясаттанушы:
– Қазақстан мен Ресейдің арасындағы байланыстарға үңілгенде мына бір жайды назарымыздан қалыс қалдырып кетеміз. Қазақстандық қоғамда әлі де болса «сәбеттік» брендтердің ықпалы өте-мөте күшті. Тіпті оларға деген сағыныш сезіліп тұрады. Өзге посткеңестік елдерде мұндайды мүлде байқамайсың. Сонда бұған не себеп? Дәл осы сауалға жан-жақты жауап ізделуі тиіс деп ойлаймын. Айталық, Алматыдағы «Кока-кола» зауыты өз өнімінен тыс «Буратино» лимонадын өндіретін бірден-бір зауыт. Ал «Буратиноның» кеңестік бренд екені барлығымызға белгілі. Аталған өнімді өндіру арқылы нарықты жаулайтындарына сенімді болғасын компания осы сусынды шығара бастады. Қазақстанда «советский», «русский» деп аталатын өзге өнімдер де жетіп артылады. Дәл мұндай жағдайды Украинада елестету қиын. Бәлкім бұл өткен күнге деген сағыныштың көріністері болар. Мысалға мен жақында ғана «Сәбеттік мұсылмандық» деп аталатын жергілікті жерде өндірілген шұжықты сатып алдым. Кеңес өкіметінің дінге деген көзқарасы қандай болғандығын ескерсек, мұны нағыз парадокс деп бағалауға болар еді.
Қалай болған күннің өзінде қазіргі күні мұндай брендтер ең өтімді әрі ең тиімді. Бұл ғана емес. Іргеміздегі Қырғызстанды алалық. Мысалға, Ыстықкөлде көлдің көрінісі бейнеленген кәдесыйлар аз. Есесіне «КСРО» белгісі белгіленген бұйымдар көп. Бұл неліктен деп сұрағанымда «жергілікті бұйымдардың» аса өтімді емес екенін білдім. Дәл қазір саяси ғылымда осы жайтқа ешқандай баға берілмеген. Сағыныштың себебі неде? Біз көбінесе жаһандық көзқараспен қараймыз, алайда кәдімгі дүкенге кірер болсаңыз, барлық жағдайдан хабар беретін көптеген көріністерге куә боласыз. Екіншіден, Кедендік одақ пен Еуразиялық ынтымақтастық Ресей үшін ең негізгі басымдық деп кесіп айтуға болмайды. Бұлар көршіміздің интеграциялық бағыттағы ондаған, тіпті жүздеген жолдарының бірі ғана. Ресей үшін Қытаймен не болмаса Жапониямен әріптестік байланыс орнатқан маңыздылығы жағынан жоғары одақтардан асып түспесе кем түспейді.
Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ, экс-дипломат:
– Мен әрі қазақтілді, әрі орыстілді ортамен тең байланыс ұстаймын. Осы ретте екі жақтың ынтымақтастық мәселесіне деген көзқарасын ортаға сала кетсем. Еуразиялық интеграция уақыт өте келе шындыққа айналады. Кейбір әлеуметтік сауалнамаларға қарағанда қазақстандықтардың 70-80 пайызы мұны қолдайды. Әрине, бұған қарсылық білдіріп отырғандар да бар. Дегенмен көпішіліктің бұған деген көзқарасы түзу екенін байқаймыз. Себебі, осы уақытқа дейін интеграцияға қарсылық танытқан халықтық ауқымдағы қарсылық акциялары өткен жоқ. Бұл арада үнсіздікті қолдау ретінде қабылдаған жөн. Өз басым, осынау мәселе қалың бұқараны соншалықты алаңдатып отыр деп ойламаймын. Оның үстіне бүгінгі әлемде қауіпсіздік мәселесін де шет қоюға болмайды. Әлем мазасыз күйде. Мұның бәрі Қазақстанды Ресеймен байланыс орнатуға итермелеп отыр. Айталық Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі дәл қазір біздің іргемізді қорғап тұрған жалғыз ұйым.
Марат ШИБҰТОВ, саясаттанушы:
– Бұл интеграция тиімді немесе тиімсіз болады деген әңгімелер айту мүлдем қисынсыз. Қазақстанда халық тек бір ұлттан тұрмайтынын ескеру керек қой. Яғни, бұл мәселеге деген көзқарасы сан қилы түрлі топтар бар. Айталық, қазақтілді және орыстілді ортаның арасындағы тілдік, ділдік тұрғыдағы түсінігі бір-бірімен қабыспайды. Тиісінше олардың осы мәселеге деген көзқарастары да әртүрлі. Ал біздің қазақстандық элита ресейлік интеграцияның жақсылығын баяғыдан-ақ көріп келеді. Айталық, үлкен-үлкен корпорациялар ресейліктермен байланыс орнатуға бейімделген. Сондықтан қарсылықтары жоқ. Осынау интеграцияға негізгі қарсылықты – еліміздің шағын және орта бизнес өкілдері танытып отыр. Мұның сан түрлі себебі бар… Яғни, экономикалық қырлары көп. Ал әлеуметтік желілердегі сөз талас негізінен Астана мен Алматының тұрғындарына тиесілі. Өзгелеріне, өзге өңірлердегі Қазақстан тұрғындарына айтарлықтай маңызды емес. Бұл ретте бірлескен кәсіпорын ашуда Ресейдің Қазақстанның ең негізгі, әрі ең сенімді серіктесі екені жасырын емес. Деректерге қарағанда еліміздегі 4500-ден аса бірлескен кәсіпорынның басым бөлігі ресейліктермен бірлесе ашылған.
Ярослав РАЗУМОВ, журналист:
– Меніңше, бүгінгі күнгі интеграцияға негізгі бастамашы болып отырған ол – Путин. Алайда путиндік жүйенің бұрынғыдай күш-қуаты жоқ. Сондықтан бұл тақырыптың қай мерзімге дейін талқыланары белгісіз. Белгілісі – егер Путин тағынан таяр болса, интеграция мәселесі де өзінен-өзі ұмытылады. Осы ретте өз басым әртүрлі әлеуметтік сауалнамаларға сеніңкірей бермеймін. Себебі сауалнамалар мәселенің беткі қабатын ғана көрсетеді. Айталық, жақында мен Чебоксарыда болдым. Сондағы тұрғындардан «Қазақстанмен арадағы интеграция мәселесіне қалай қарайсыңдар?» дегенімде, «Бұл бізге қызық емес» деген жауап қайтарды. Айналып келгенде мұның бәрі Путинге және оның жүйесіне тіреліп тұр. Дегенмен дәл қазір посткеңестік елдердің ешбірі экономикалық-әлеуметтік, әскери салаларда Ресейден бөлектене алмайды. Ал ғылым және білім саласында сөзсіз АҚШ, Германия, Жапония, Қытай сияқты елдерге басымдық беріледі. Қалай болған күнде дәл қазір интеграция мәселесінде ТМД мемлекеттері үшін Ресейден тиімді әріптес жоқ.
Антон МОРОЗОВ, саясаттанушы:
– 90-шы жылдары ТМД құрылған тұста осы ұйымның жұмысын бір ізге түсіру мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынғанын білеміз. Бірінші кезекте, ақпараттық қамсыздандыру жұмыстары жолға қойылды. Айталық, 1992-96 жылдың аралығында ТМД-ның ақпараттық кеңістігін құру тұғырнамасы жасалды. «Мир» телеарнасы құрылды, Достастық мемлекеттерінің арасында гуманитарлық әріптестік келісімі жасалып, осы мақсатта мемлекетаралық қор құрылды, әр мемлекеттік баспасөз-клубтары жұмыс істей бастады. Бұл арада олардың қызметі қандай деңгейде, жүрдек пе, баяу ма дегенде емес. Мәселе осы ұйымның аясында бір жұдырыққа жұмылып іс жасауға деген ынта болды. Ал қазіргі жағдайға қарасақ, Кедендік одақ пен Еуразиялық ынтмақтастықтың мәнін, мақсатын жалпы жұртқа түсіндіретін құрылым тұрмақ, аталған одақтардың әрі қарайғы бағытын айқындайтын концептуалды құжаттың өзі жоқтың қасы. Сондықтан интеграция мәселесіне келгенде даурықпа көп. Айталық, интеграциялық үдерістерді қолдайтындар көбінесе қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің бұрынғы ортақ тарихына басымдық берсе, олардың қарсыластарына бұдан да өтімді әрі өткір себептер табады. Мұның бәрі ортақ ақпараттық жұмыс жүргізілмегендіктен, яғни аталған ұйымдардың пайдасы мен зияны, артықшылықтары мен кемшіліктері айтылмағандай орын алып отыр.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ,
Дала мен Қала.