03.07.2015 Үздік үштік: Еуразиялық одақ , ШЫҰ және БРИКС

03.09.2015

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының қатысушылары бұл жолы «Еуразиялық экономикалық одақ – ШЫҰ – БРИКС: Мемлекетаралық қатынастардың жаңа сапасы» атты тақырыпты талқыға салды.
Жиынның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде шілде айының басында Башқұртстан астанасы Уфа қаласында ШЫҰ және БРИКС саммиті өтетінін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, Уфадағы шаралар Қазақстан үшін ерекше маңызға ие.
– Иә, Қазақстан БРИКС-ке мүше емес. Дегенмен бұл ұйымға ерекше мән беруіміз керек. Неге десеңіздер, дәл осы ұйымға біріккен мемлекеттерде Жер шары халқының 40 пайызы тұрады және экономикасы тұрақты. Сонымен бірге бұған біздің одақтасымыз Ресей федерациясы мүше. БРИКС-ты құруға бастамашы болған да ресейліктер болатын, – деді ол өз сөзінде.
Қазақ-неміс университетінің жанындағы халықаралық және аймақтық әріптестік институтының директоры Болат Сұлтанов өз сөзінде АҚШ-ты нысанаға алды. Оның айтуынша, 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін АҚШ терроризмге соғыс ашты. Осының кесірінен Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия сияқты мұсылман елдері жапа шекті.
– АҚШ-тың назарына алдымен ислам елдері ілікті. Екінші кезектегі нысан, бұлар АҚШ-тың қос бәсекелесі – Ресей мен Қытай. Ендеше Қытай мен Ресейдің ШЫҰ, БРИКС сияқты ұйымдарды құруға бастамашы болғаны бекер емес, – деді ол.
Ал «Алмагест» консалтингілік компаниясының директоры Айдархан Құсайыновтың айтуынша, іс жүзінде Еуразиялық одақ, ШЫҰ, БРИКС сияқты ұйымдардың мақсаты бөлек. Бұлардың ішінде тек Еуразиялық одақты ғана аймақтық ірі экономикалық ойыншы ретінде қарастыруға болады.
Саясаттанушы Марат Шибұтов оның сөзімен келіскен жоқ.
– ШЫҰ-да ірі ойыншы. Оның әуел бастағы құрылу мақсаты бұрынғы Кеңес республикалары мен Қытайдың арасындағы шекараны анықтау болатын, – деді ол.
Ал жиынды түйіндеген саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше әзіргі күні Еуразиялық одақ ШЫҰ мен БРИКС-ты басып озды.
– Мұның себебі одақ жұмысын алға жылжытатын ұлтаралық құрылымдар құрылған, – деді ол.

Источник: Nauka.kz