«ЕУРАЗИЯ ӘЛЕМІ» пікір сайыс клубында «ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР, ИНТЕГРАЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТИКА, ОНЫҢ БАҒЫТЫ МЕН БАҒДАРЫ, ҰСТАНЫМЫ МЕН ПАЙЫМЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?» деген тақырыпта ауқымды дөңгелек үстел өтті.
Басқосуда осы тараптағы өз ойларын ортаға салған сарапшылар бірауыздан «интеграциялық үдерістер аясында отандық журналистикаға да айтарлықтай салмақ түседі. Біздің журналистер бәсекеге бейім болғаны жөн» деген пікір білдірді.
Эдуард ПОЛЕТАЕВ, саясаттанушы, «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының жетекшісі:
— Біздің бүгінгі отырысымыз екі шараға байланысты ұйымдастырылып отыр. Оның бірі 29 мамырда қол қойылған Еуразиялық интеграция мен журналистер күні. Осы орайда Еуразия интеграциясы аясындағы журналистика қалай дамиды деген тақырыпты талқыға салудың орайы келіп тұрғандай. Соңғы бірнеше айда қазақстандық ақпарат құралдарында осынау одақ туралы бірқаншама мәселелер көтерілді. Мойындау керек, дәл қазір бұл тарапта сапалы сараптамалар аз, тіпті жоқтың қасы десе болады. Ал мұның себебі неде? Өйткені бізді интеграция журналистикасына маманданған журналистер аз. Шетелде журналистиканың мұндай бағыты әлдеқашан жолға қойылған. Айталық, еуропалық қауымдастықта бұл тарапта сапалы журналистік зерттеулер жүргізіледі. Бізде, бұл бағыттағы журналистика дамымағандықтан, қалам ұстаған қауым көп жағдайда бір тақырыптан бір тақырыпқа секіре береді. Әйткенмен, болашақта интеграция туралы жазу, осы тұрғыда туындайтын түрлі мәселелерді қалың көпшілікке тарқатып түсіндірудің қажеттілігі туындайды. Сонда қайтпек керек?
Антон МОРОЗОВ, саясаттанушы, «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының сарапшысы:
— Негізі бұл тақырып 90-шы жылдары ТМД-ға қол қойылған күннен өзекті. Бірақ, дербес сала ретінде қалыптаса қоймады. Бір жағынан мұны «жеке-дара қарастырудың қажеті бар ма?» деген сауал туындайды. Егер интеграцияға қатысты қазіргі күні үш ел ұсынып отырған ақпаратты салыстырар болсақ Қазақстан бұл тарапта аса белсенді.
Екінші атап өтер жайт, қазіргі күні кейбіреулер, оның ішінде ықпалды азаматтар да бар: «бізге еуразиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру керек» деген пікір айтуда. Иә, бұл ретте талай ой-пікір айтылды. Алайда одан нәтиже бар ма? Еуразиялық одаққа қой қойылар тұста, бұл тараптағы әңгіменің болғаны рас. Алайда Қазақстанда бұл бастама соншалықты жоғары ықыласпен қабылдана қойған жоқ. Біздің ел: интеграция аясында ақпараттық кеңістік болмайды деп кесіп айтты. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені бұл елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Алайда неге олай, осыған ойландық па? Біз ақпараттық қауіпсіздігімізге қауіп төнеді деп қорықсақ, ендігі нарыққа бәсекеге қабілетті тауар ұсына алмай отырғанымыздың белгісі. Меніңше, ортақ ақпараттық нарық құрар болсақ, бізге Ресей мен Беларусьтің білікті жарнама, менеджмент мамандары ағылады. Сол кезде нағыз бәсекелестік туындайды. Өз ісінің білгірлері, нағыз кәсіби мамандар бұған шыдас беріп, аталған салаға адасып келгендер орнын босатады. Бірақ әзіргі күні Еуразиялық одақ бағдарламасында мұндай бағыт жоқ. Сайып келгенде, бұл одақты ақпараттық тұрғыдан қалай қорғаймыз, осыны ойландық па? Қазір бұл тараптағы міндеттер «Мир» телеарнасына жүктелуде. Алайда, барлық міндетті бір ғана арна арқалай ала ма?
Әділ ЖӘЛІЛОВ, Vласть Баспа үйінің бас редакторы/ бас директоры:
— Мені өзімді мазалаған бірқатар жайттарға баса тоқтала кетейін. Біріншіден ақпараттық кеңістік туралы айтқанда оны біртұтас дүние ретінде қабылданған дұрыс емес. Неге десеңіздер, Қазақстан бұл кеңістік екіге бөлінген. Оның бірінші қазақтілді, екіншісі орыстілді орта. Турасын айтқанда, екі тараптың Еуразиялық одақ туралы түсінігі, пайымы екі түрлі. Міне, осы жайтқа мән беру керек. Алайда жалпы бұқараның осы одақ туралы ойы жаман емес. Көпшілік қауым, қазіргі күні бұл одақ қажеттілігін сезініп отыр. Себебін, Мемлекет басшысының өзі де айтқан болатын. Мен мұны бірқатар деректермен толықтыра түсейін. Біздің әріптесіміз саналатын «Демоскоп» жедел-мониторингілеу бюросы Астанада шамамен 1600-ден аса азаматтан «сіздердің еуразия одағына деген көзқарастарыңыз қандай?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген болатын. Осы сауалнаманың нәтижесінде қазақстандықтардың 84 пайызы бұл одақ, оның мақсаты мен маңызы, бағыты мен бағдары туралы білетін болып шықты. Ал 16 пайызы мұндай одақтың бар екенінен мүлдем бейхабар екен. 68 пайыз азаматтар Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына кіруіне қолдау танытса, 5,5 пайыз азаматтар бұған қарсылық танытқан. Сұрау салғандардың 13,5 пайызы бұл одаққа бейтарап қарайтынын айтқан.
Леся КАРАТАЕВА, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:
— Біріншіден, мен осынау еуразиялық интеграцияның медиақұрылым туралы айтайын. Менің бағалауымша, біз еуразиялық интеграция туралы айтқанда, белгілі бір құрылымның қалыптасуы туралы әңгіме қозғаймыз, бұл бірінші кезекте адамдар қауымдастығы. Өз пікірімше, бұл интеграцияның медиакескіні әлі қалыптаса қойған жоқ, бірақ мұндай идеяның бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Сайып келгенде біз, осынау процесті емес, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін, нәтижелерін, көрсеткіштерін, осы одақта өмір сүретін адамдардың тіршілігін талқылаймыз.
Бұл тарапта, біртұтас ақпараттық кеңістік туралы айтар болсам, бұл идея Ресей, оның ішінде Мәскеу билігі белсенді түрде насихаттауға ықпал етіп отыр. Иә, әзір айталық «теріскей көршімізбен арада ақпарат алмасу бар, алайда бұл ақпарат қаншалықты сұраныста?» деген сауалдың туындайтыны да жасырын емес. Сосын, медиакомпанияларды ұлттық сегментке енгіз, енгізу жағы, яғни ақпараттық кеңістіктік қалай ұйымдастырылатыны да әзір белгісіз. Өз басым «біз бәсекеге қабілетсіз тауар өндіреміз» дейтіндермен келіспеймін. Біздің медиа нарықта да сұранысқа ие, сапалы тауар жасалады. Сапалы ақпараттар беріледі. Алайда, біз өндірген тауар Ресей мен Беларусте сұраныста бола ма, соны айтыңыздаршы? Сосын, әзірге бұл одақты Еуроодақпен салыстарған ертелеу әрі қисынсыз. Себебі, ЕО жұмысында саяси интеграцияның элементтері бар. Бұл тарапта жоғары мемлекеттік құрылымдар жұмыс істейді. Бізде, еуразиялық кеңістікте мұндай жоқ. Қазір біз, мынау еуразиялық кеңістікті бүге-шігесіне дейін білетін маман деп ешкімді айта алмаймыз. Түйіндей айтсам, қазақстандық журналистикаға әлі де болса белсенділік керек. Осы арқылы біз өзімізде посткеңестік кеңістікте таныта аламыз.
Жұлдыз АЛМАТБАЕВА, «Кипр» сараптамалық орталығының маманы, сарапшысы:
— Мен бұл ретте осынау одақты қоғамның қалай қабылдағаны туралы айтайын. Бұған ұжымдық, қоғамдық көзқарас тұрғысынан тоқталайын. Бірінші кезекте, қазақтілді орта Қазақстан Ресейдің қолтығына қайта кіреді деп қорқады. Алайда, былай қарасақ дәл қазір Қазақстанда Ресейден жақын, әрі тиімді көрші жоқ. Ешқандай эмоциясыз қарастырар болсақ, қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігіне ешкім де тұмсық тыға алмайды. Бірақ, интеграция қажет екенін ешкім жоққа шығара алмасы тағы анық. Қазақстан өз кезегінде Ресей үшін тұрақсыз Орта Азия аймағында буфер ретінде қабылданады. Бірақ, бұл арада «Орта Азиядағы жетекші ел деген міндетті атқаруға біз дайынбыз ба?» деген сауалдың туындары заңды. Екінші атап өтер жайт, Қазақстанда ақпарат көп, оның жеткізетін ақпарат көздері тіпті көп. Менің ойымша, көпшілік осы ақпарат көзіне сенеді. Сосын ақпараттық себепті осы ақпаратты мәлім еткен журналиске теліп қою түсінігі бар. Сайып келгенде, бізде ақпарат нақты фактіден емес, адамнан таралады. Ал интеграция журналистикасы туралы айтар болсақ, мысалға, жалпы журналистиканың өзі – ақпарат, ал пиар дегеніміз осы ақпаратты беру. Сондықтан да менің ойымша, біз бірінші кезекті ақпарат көздеріне жетудің жолдарын қарастыру керекпіз. Сосын мұны қалыптастырудың жолдары қандай? Ақпаратты беру, интеграция тақырыбын көтеруде арнайы мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізілгені жөн сияқты. Яғни, бұл жоғарыдан төменге қарай таралуы қажет. Сайып келгенде, жоғарыдан келетін ақпарат, нақты дерек көз болғасын артынша қалың бұқараға таралады, бақыланады. Сол кезде біз кім тапсырыс беруші және кім тұтынушы екенін ажыратытын боламыз.
Источник: Айқын