Келер жылдың басында іске кірісетін Еуразия экономикалық одағының мүмкіндіктері, үш елдің әлеуметтік-экономикалық тұрмысын түзеудегі әлеуеті туралы аз айтылып жүрген жоқ.
Дегенмен, соңғы уақытта осынау одаққа қатысты «four freedoms» – төрт еркіндік термині өзекті болып тұр.

«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубында дәл осы тақырып талқыға салынды., «Four freedoms» бұл тауардың, капиталдың, жұмыс күші мен қызметтің еркін айналымы дегенді білдіреді. Дөңгелек үстел қатысушылары «бәсекелестікке жол ашатын осы төрт еркіндікті дамытуда қандай да бір кедергілер туындауы мүмкін бе?» деген сауалдың төңірегіндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды. Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша бұл бағыт бойынша еліміздің Ұлттық кәсіпкерлер палатасы белсенді жұмыс атқаруда. «Атап айтқанда жаңа бизнес жобалар, инвестициялық жоспарлар құрылуда» деді өз сөзінде саясаттанушы. Ал экономист Айгүл Омарованың пікірінше бұл тарапта түйіні тарқатылмай отырған түйткілдер көп. «Айталық, ішімдік және кондитерлік өнімдерді Ресей нарығына тасымалдауда қиындықтар бар. Ресей бұл тараптағы Қазақстанның талабын ескеріп отырған жоқ» деді ол.

Өз кезегінде «Алмагест» консалтингілік компаниясының басшысы Айдархан Құсайынов әзір одаққа қол қойған үш елдің арасында бәсекелестік туралы заңның жобасы әзірленіп жатқанын және оның ұлтаралық сипатқа ие екенін айтып өтті.

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірінше аталған «төрт еркіндікті» толықтай жүзеге асыру ауыр. «Ресей шекарасындағы тіркеу процедуралары әлі де болса азайған жоқ. Ал бұл өз кезегінде көрші елге барып еңбек еткісі келетін жұмыс күшінің ынтасына тежеу салып, екі елдің арасындағы сауда байланысын төмендетеді» деді. Дегенмен, жиынға қатысқан бірқатар сарапшылар Шибұтовтың сөзіне қарсы шықты. Айталық, саясаттанушы Антон Морозов қазіргі таңда Қазақстандағы жұмыс күшін көрші елге жіберудің еш қажеті жоқтығын айтты. 2013 жылғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше Қазақстанға 30 мыңға тарта жұмыс күші жетпейді. Бұл аз ба? Меніңше, бұл арада бізге нақты стратегия қажет. Айталық, ертең мұндай ақпаратты естіген ресейліктер, ондағы қыруар жұмыс күші Қазақстанға қоныс аударып келсе қайтпексіз? Сондықтан ішкі рынокты сыртқы жұмыс күшінен қорғаудың жобасын әзірлеу керек» деді ол.

Ал «Эксперт Қазақстан» журналының сарапшысы Сергей Домниннің айтуынша үш елдің арасындағы еркін тауар алмасуда әлі күнге кедергілер көп. «Бұған біріншіден Ресейдегі ірі сауда жүйелері кедергі келтіріп отыр. Ал Белоруссияда сауда саласы монополизацияланған. Ол жақтағы мемлекеттік монополияның кесірінен тәуелсіз тауар өндірушілер аталған нарыққа еркін ене алмайды» деді Домнин өз сөзінде.

Источник: Айқын

от wefund