«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубының қатысушылары бұл жолы «Интеграциялық әлеует және мұндағы Қазақстанның мүмкіндігі» атты тақырыпты талқыға салды.

Пікір-сайыс клубының жетекшісі Эдуард Полетаев өз сөзінде Қазақстанның Еуропалық одақпен арадағы әріптестік келісімшартқа қол қоюйына баға берді. «Бұл біздің дипломатия үшін үлкен жетістік. Қосымша еуропалық инвестицияларды тарта аламыз. Бұл келісім Еуразиялық одақтың принципіне де қайшы келмейді» деді.

Профессор Болат Сұлтанов одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы сауда айналымына тоқталды. «Одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы тауар айналымы биылғы жылы төмендеп кетті. 2015 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында Қазақстанның одақ елдерімен арадағы екі жақты сауда айналымы 13 млрд долларды құраған екен. Негізінде, бұл көрсеткіш 23-24 млрд долларды құрауы тиіс еді. Пайызға шақсақ, Одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы тауар айналымы 40 пайызға төмендеген» деді ол.

Ал Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Андрей Ханның пікірінше Еуразиялық одақтың құрылуы сәтсіз кезеңге сай келді. «Тағы бір жайт – Ресей түрік қызанақтарын тасымалдауға тыйым салғанда, Қазақстан: «Енді көкөніс өнімдерін тасуды бізге тапсырыңыздар» деген. Бірақ, Ресей бұған көнген жоқ. Олар өздерінің көкөніс өндірісін дамытып, осы арқылы импортты ауыстыруды көздеуде. Сайып келгенде өзге мемлекеттердің Ресейден күткен үміті ақталған жоқ» деді Хан өз сөзінде.

Ал жиынды түйіндеген ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Леся Каратаева: «Негізінде Ресейдің экспорттық потенциалы төмендеген жоқ. Ал Қазақстанның әлеуеті азайып кетті. Осыған таң қаламын. Бізге ешқандай санкция салынған жоқ. Сонда Қазақстанның экспорттық әлеуетінің төмендеуіне не себеп болды? Мұның бірден-бір себебі – шикізат. Біздің экспорттың ең негізгі бөлігі – шикізат. Біздің экономика осыған бейімделген. Қиын шақта осы мәселе біздің аяғымыздан шалды. Экономикалық даму моделімізді өзгертпесек әлі де шала береді» деді.

Источник: DalaNews

от wefund