Еуразиялық одаққа кедендік кодекс не үшін қажет?

27.01.2016

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында бас қосқан сарапшылар бұл жолы «Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі: ұлттық мүдде мен мемлекетаралық әріптестіктің арақатынасы» атты тақырыпты талқыға салды.

Саясаттанушы, «Еуразия әлемі» ҚҚ жетекшісі Эдуард Полетаев өз сөзінде: «Кодекс алдағы жылдың басынан бастап күшіне енуі тиіс. Бірақ көптеген мәселелер бойынша одаққа мүше елдер әлі де болса ортақ келісімге келген жоқ. Ендеше кодекс келер жылы да қабылданбай қалуы мүмкін» деген пікір білдірді.
Ал Zonakz.net интернет-газетінің саяси шолушысы Владислав Юрицының айтуынша, Еуразиялық одақтың кеңістігінде сатып алушылардың, яғни, тұтынушылардың мүддесін қорғайтын қандай да бір лоббилік топтар жоқ. Яғни, бұл кодекстің енгізуден бұрын қарапайым тұрғындарға не беретінін ескеру керек.
Өз кезегінде Caspian Bridge ақпараттық-сараптамалық орталығының бас редакторы Замир Каражанов: «Кедендік кодексті әзірлеу барысында барлық мемлекеттің мүддесі ескерілгені анық. Себебі, пікірсайыстарда бизнес және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысқан болатын. Бірақ та, қалай болған күннің өзінде Ресейдің лоббилік мүмкіндігі одаққа мүше басқа елдерге қарағанда әлдеқайда күшті. Бірінші кезекте, бұл Кедендік кодекс Ресейге қажет. Осы арқылы Мәскеу өзін экономикалық тұрғыдан көрсетті. Ал біз ше? Бізде қандай қауқар бар?» деді.
Саясаттанушы Антон Морозовтың пікірінше, Кодекс күшіне енген жағдайда отандық өндірушілердің тағдырын ойлау керек. – Иә, заң жүзінде бәрі жақсы және мінсіз. Кодекс ортақ, шекаралар ашық, мүмкіндік те мол әрі одаққа біріккен мемлекеттердің құқығы тең. Егер де аталған Кедендік кодекс отандық өндірушілердің мәселелерін шешіп жатса, ендеше бұл дұрыс құжат болғаны, – дейді Морозов.
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов: «Бізге Кедендік кодекстен не күтуге болады? Иә, көптеген барьерлер, яғни кедергілер жойылады екен. Бірақ осыншалықты қысқа мерзімде мұның бәрін жойып, не болмаса қысқартып жіберу мүмкін емес. Егер кодексті қазір қабылдайтын болсақ, ертең екі жүріс жасаймыз. Яғни, күшіне еніп, жұмысына кіріскен Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіп әуреге түсеміз. Франчайзинг қауымдастығының өкілі ретінде мені Кодекс күшіне енгеннен кейін жеке, интеллектуалдық мүлік, авторлық құқық қалай қорғалады деген мәселе мазалайды», – деді.
Ал отырысты түйіндеген саясаттанушы Андрей Чеботарев: «Кедендік кодекс қабылданып, нақты іске кіріскеннен кейін ғана біз Еуразиялық одақтың қандай ұйым екенін (саяси әлде экономикалық) айтып бере алатын боламыз» деді. Яғни, Кедендік кодекстің қабылдануы біраз түйткілдің бетін ашады деп күтілуде.

Динара Мыңжасарқызы

Источник: «Түркістан» халықаралық газеті»