Еуразиялық одақ: әлеумет интеграцияның пайдасын көрді ме?

04.06.2017

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының кезекті отырысы «Қарапайым адамның көзімен қарағандағы достық: интеграцияның әлеуметтік кеңістігі» деген тақырыпта өтті.

Жиында Еуразиялық одақтың әлеуметтік саясаты туралы әңгіме болды. Саясаттанушы Эдуард Полетаев бұл тарапта: «Одаққа біріккен елдер арасында неліктен ортақ әлеуметтік кеңістік құра алмай отырмыз? Себебі, одақтас мемлекеттер арасында экономикалық теңсіздік бар. Интеграциялық мәселелер де осы теңсіздікке байланысты кібіртіктеп тұр» деген пікір білдірді.

Ал «Каспий – Евразия» халықаралық және қоғамдық-саяси орталығының жетекшісі Андрей Сызрановтың айтуынша

экономикадағы айырмашылық мәселенің басы ғана. Айырмашылық анығында өте көп. «КСРО-ның құлағанына 25 жыл өтті. Көп дүние өзгерді. Түсінік өзгерді. Көзқарас өзгерді. Бұған менталитеттегі айырмашылықты және қосыңыз. Иә, бір кездегі кеңестік дәуірді, өткен дәуірді еске түсіруге болар. Бірақ ол да көмескі тартып барады.

Демек, қазіргі адамдардың санасында жаңа еуразиялық көзқарастағы түсінікті қалыптастыру қажет. Еуразиялық одақтың әлеуметтік саясаты туралы айтқанда ең алдымен осы мәселені тілге тиек етер едім» деді ол.

«Астрахан – 24» телеарнасының бас редакторы Александр Васильевтің пікірінше интеграциямен бетпе-бет келіп жатқан тұрғындар тығырыққа тірелуде. Айталық, өмірінің соңын туған жерінде өткеру үшін Ресейге оралып жатқан зейнеткерлер көп. Бірақ мұнда келгесін оларда еңбек өтілін растауға қатысы мәселелер туындайды.

Жалпы интеграцияға не үшін бардық? Әрине, халық үшін, әлеумет үшін. Олар кім мигранттар, зейнеткерлер, бизнесмендер. Бірақ дәл қазіргі таңда интеграция олардан бұрын, саясаткерлерді көбірек қызықтыруда.

Айтарым осы. Алдымен әлеуметтік ойлауымыз керек. Интеграция оларды қызықтыру үшін не жасалуы қажет? Егер интеграциялық мәселелерді сарапшылық немесе саяси қауымдастық деңгейінде қалдырып қойсақ бұл одақтан пайда болмайды» деді ол.

Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Лидия Пархомчик бұл ретте: «Соңғы кездері осы одаққа қатысты негативті трендтер көбейіп кетті. Осыны кесірінен еуразияшылдардың саны азайып жатыр. Бұл әсіресе Арменияда ерекше байқалып отыр. Түсінгенім бұл елдің тұрғындары интеграцияның экономикалық тұрғыдан алғанда жақсы нәтиже береріне үміттері үзіле бастаған.

Осыған қатысты жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақты қолдайтындарың саны соңғы кездері 46 пайызға дейін төмендеген» деген пікір білдірді.
Жиынға қатысқандардың арасында саясаттанушы Әділ Қаукенов те болды.

«Халықтың интеграциядан алары не? Шыны керек бұл сауал мені де мазалайды.

Айталық, ресейлік жаңалықтардан «Қырғыз мигранттары еліне рекордтық деңгейдегі ақша жөнелтті» деген ақпаратты көреді. Ресейлік мұны немен байланыстырады? Әрине, интеграциямен.

«Интеграцияның кесірінен бар ақшамыз сыртқа ағып жатыр» деп ойлайды ол.

Дәл осы сәтте қазақстандық жаңалықтардан «темір тұлпарларға арналған «пошлинаны» көбейтті, артынша «Глонасс» жүйесін іске қосады» деген ақпаратты көреді. Ол да өз кезегінде мұны интеграциямен байланыстырады. «Интеграцияның кесірінен ертеңгі күні «Лада Гранта» мен «Лада Калина» мініп жүрмесек болды» деп ойлайды ол.

Ал мұндай шешімдерді қабылдайтын кімдер? Әрине, шенеуніктер. Бірақ, олар бір сауалға жауап бере алмайды. Интеграциядан қарапайым адам қандай пайда көреді? Дәл осы сауалға келгенде олардың аузына құм құйылады» деді.

Жиынды түйіндеген экономист-журналист Сергей Домнин былай деді:

«Жалпы әлеуметтік байланыс туралы айтқанда оның құралдары болатынын естен шығармаған жөн. Бар мәселе осында жатыр. Ең негізгі қатынас құралы тіл. Орыс тілі. Бірақ, 25 жылда жағдай өзгерді. Орыс тілінің аясы тарылып келеді. Тарыла да береді. Бұған кедергі келтіре алмайсыз.
Себебі, бұл демографияға байланысты дүние. Бұған білім саласындағы түрі реформаларды алып қоссаңыз, орыс тілінің аясын тарылта түсетін дүниелер аз болмайды…».

Источник: Ақпараттық-сараптамалық 365Info порталы