Еуразиялық одаққа кіру Қазақстанға қаншалықты тиімді болатыны біраздан бері айтылып та, жазылып та келе жатыр. Иә, бұл мемлекеттік саясат және оған қолдау қажеттігі айдан анық.

Алайда белгілі бір одақ нақты құрылым ретінде халықтың санасына қалыптасу үшін оған қатысты ұғым-түсініктердің пайда болмағы маңызды. Бұл тарапта «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында өткен «Еуразиялық одақ: 2015 жылдың трендтері» атты тақырыпта бұған қатысты біршама маңызды дүниелер айтылды. Жиынның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев «тренд туралы айтқанда, ең алдымен экономикалық салаларға басымдық беріледі. Себебі, ортақ кедендік кеңістік аясында болашақта осы одақта жасалған тауарлар пайда болады. Бұл өз кезегінде «Еуразиялық одақта жасалған» деген ұғымды қалыптастырады» деді. Ал жиынға арнайы қатысқан қырғызстандық қонақ, «Шығыс-Батыс стратегиясы» сараптамалық орталығының директоры Дмитрий Орлов бұл тарапта қазіргі күнгі Қырғызстандағы жағдайды тілге тиек етті. «Қырғызстанның осы одақ аясындағы өз трендін қалыптастыратын әлеуеті бар. Алайда алдымен одақтас елдер Қырғызстаннан не күтеді және Еуразиялық одақ Қырғызстанға не береді деген сауалдарға жауап іздеген жөн. Екіншіден, қазір интеграция деген сөздің өзі трендке айналды. Ал мұны әзіргі күні қырғызстандық қауым Еуразиялық одақпен байланыстырады» деді ол өз сөзінде.

Саясаттанушы Антон Морозовтың пікірінше, одақ аясындағы трендтерді қалыптастыруда ақпараттық насихаттың маңызы зор. «Алайда әзіргі күні сырты саяси контекстегі трендтерді де жоққа шығаруға болмайды. Ақпараттық соғыс аясында біз жалпы интеграция атты түсінікке сызат түсірмеуге тырысуымыз керек» деді Морозов. Ал жиында түйіндеген Қазақ-неміс университетінің профессоры Рустам Бурнашевтің пікірінше, 2015 жылдың басты трендтері инженерлік сипатта болады. «Әзірге алдымызға жаһандық деңгейдегі мақсат қоюға ертелеу. Себебі, алда әлі талай ауыртпалықтар болады. Сосын ақпараттық насихаттың маңызы зор деген пікірмен келісемін. Осы одақ аясындағы заңнамаларға қандай да бір өзгерістер енгізілер болса халықты құлақтандырып отыру керек» деді ол.

Автор: Серік Жұмабаев

Толығырақ: Alashainasy.kz

от wefund