1994 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Еуразиялық одақ құру идеясы бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Еуразиялық одақ кеңістігіндегі елдердің бұрыннан келе жатқан дәстүрі, экономикалық қана емес, әлеуметтік тығыз байланысы, достастығы бар. Қазіргі таңда одаққа қосылуға ниетті Қырғызстанмен де экономикалық байланысымыз мығым. Сондықтан осы байланыстарды бірден үзіп жіберіп, жаһандану кезінде жалғыз өмір сүру – қиын жағдай.
Қазіргі таңда экономикалық, интеграциялық үдерістер жүрмейінше, халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес. Тәуелсіздігімізді сақтай отырып, басқа елдермен келісімшарт жасасып, өз мүддемізді қорғап, басқалардың мүддесіне тиіспей, ортақ шешімге келудің маңызы зор. Мұны таяуда құрылған Еуразиялық одақ қамтамасыз ететін болады.
Әлемдік экономикалық жағдай Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерін Кедендік одақ құруға алып келді. Кедендік аумақ құру арқылы экономикалық әртүрлі ынтымақтастыққа жол ашылады. Ең бастысы, бірлескен өндіріс орындарын ашу арқылы одаққа мүше елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге болады. Сыртқы тауарлар экспанциясынан бірлесіп қорғануға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, Кеден одағына мүше елдер бір-бірімен сауда-саттық жасасқанда шекарадан өтер кезде төленетін кедендік алым-төлемдерден босатылып, қағазбастылықтан құтылады. Үш елдің бүгінгі таңда 2 трлн. долларға бағаланып отырған бірыңғай нарығы бұрынғыдан да кеңейе түседі. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылығымызды арттырады. Ең бастысы, үш елдің халқы үшін тұтынатын өнімдер ассортименті кеңейеді. Үш елдің арасында бәсекелестік орнайды, бұл өз кезегінде тауарлардың сапасының артуына, тауар мен өнімнің қолжетімділігіне жол ашады. Үш мемлекеттің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік туып, кірісіміз артады. Ал кәсіпкерлеріміз өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруда жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге ие болады.
Бүгінде оның соңы Еуразиялық одаққа ұласып отыр. Бүгінгі таңда үш елдің аумағында 170 млн. адамнан тұратын үлкен нарық құрылуда. Одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2 трлн. долларға, ал өнеркәсіптік әлеуеті 600 млрд. долларға жетіп отыр. Жер бетінде өндірілетін бидайдың 12 пайызы үш елге тиесілі әрі сол бидайдың әлемдік экспортының 17 пайызы да одақтың еншісінде болады. Алдын ала болжам бойынша Еуразиялық ынтамақтастыққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2015 жылға қарай 15 пайызға артады деп күтілуде. Бұдан да басқа игіліктері болатындығы айтылуда. Негізінде нарық тұрғысынан Қазақстанның мүддесі өмірлік-стратегиялық болып табылады. Қазақстан үшін 160 млн. баж салығынсыз адамдық нарықтың ашылуы экономикамызды ынталандырып қана қоймайды. Ол қазір ел басшылығы іске асырып жатқан индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында ірі, шағын және орта бизнесті ынталандырады. Белоруссия мен Ресейдің нарығын жаулап алудан басқа жол жоқ. Біз үшін ол игілікті іс саналады.
Жалпы мұның өзі бір географиялық кеңістіктің ішінде ұлттық экономикалардың қорғалуы жаһандық дамудың үрдісіне айналып отырғаныдығын көрсетеді. Шынын айтқанда, бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың өзінде Мәскеуде Ломоносов атындағы халықаралық университетінде көтерген Еуразия одағын құру туралы бастамасының іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанының бір айқын белгісі деп айтуға негіз бар. Елбасының «Известия» газетінің 2009 жылғы 19 наурыздағы нөмірінде жариялаған «Ұзақ мерзімді болашақта оның баламасы болмақ емес» атты мақаласында «Еуразия одағын құру бастамасын ұсына отырып, мен бұл міндеттің ондаған жылдар ішінде шешіле қалмайтынын анық білгенмін. Алайда, 15 жылдың өзінде талай шаруа атқарылды. Ең бастысы Еуразия теориясы нақты істерге ұласа бастады» деп жазған болатын. Иә, расында да еуразиялық бастаманың нақты жүзеге асуы ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және тағы басқа да бірқатар мемлекетаралық құрылымдардың қызметінен көрініс тапты.
Бүгінгі күн биігінен қарасақ тәуелсіздігін жариялағанына небәрі жиырма үш жыл толған Қазақстан Республикасын құрушы, мемлекетіміздің тұңғыш Президенті тіпті сол кездің өзінде адамзат қоғамының даму тарихынан, интеграцияның қоғамға тигізер пайдасынан, жаһандану заманында болуы тиіс барлық жаңалықтардан хабардар болғанын аңғарамыз. Тағы бір назар аударарлық тұс КСРО-дан енші алған мемлекет тұрғындары да, олардың басшылары да біздің ел Президентінің үлкен одақты ең кемі конфедерациялық үлгіде сақтап қалу үшін соңына дейін күрескенін біледі. Бірақ ол күрестен нәтиже шықпады. Ресей университетінің дәрісханасында Н.Назарбаевты тыңдаған ықпалды топ өкілдері мен ғұлама ғалымдар да үмітсіздікпен қараған еді. Оның да өзіндік себептері бар. Олардың көбісінде сол кезге дейін «Одақтас республикаларды, оның ішінде Қазақстанды да «асырап» келген Ресей Федерациясы» деген жалған ойдың жетегінде болды. Ол ойдың мүлде жалғандығын тәуелсіз Қазақстанның 2010 жылға дейінгі, яғни Кедендік одақ үштігі пайда болғанға дейінгі даму қарқыны іс жүзінде толық дәлелдеп берді. Сол кезде шолақ саясаткерлер мен тайыз ғалымсымақтар Ресей Федерациясының табиғи қорлары мен ғылыми әлеуеті, индустриясы бұрынғы одақтас республикалардың бірде-бірінің көмегінсіз жеткілікті дәрежеде дамуға мүмкіндік береді деген тұжырымда болды. Сондықтан да біздің Елбасымыз 1994 жылы өзінің өміршең идеясын жариялаған кезде мейлінше қарсылық көрсетіп, қасарысып баққан ресейліктердің өзі бұл күндері Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭқ) өмірдің өз сұранысы екенін мойындаған.
Бүгінде өзгеден бөлектеніп, жеке-дара көш бастау мүмкін емес екені белгілі. Қай салада, қай мақсатта болмасын, күш біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ұйымшылдықпен жасалған жұмыс жеңісті болады. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру туралы бастамасының алар орны ерекше. Еуразиялық одақты «күрделі мегажоба» деп атаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еуразиялық одақ о бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылуы керек. Әлем жаңа технологиялық революцияның табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан индустриалық-инновациялық дамуға бағыт алды. Біз заманауи өндірістік күштерді болашақтағы ұлттық экономикалық инновациялық жаңа құрылымдар ретінде құрамыз»,-деді. Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, сонымен бірге алдағы уақытта геосаяси өсуі эволюциялық және еркін жолмен дамуы тиіс екенін жеткізді. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының басында Еуразиялық интеграция Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шынайы келбетін айқындай түсті. Ол өзінің тарихи келешегін біздің елдердің және халықтардың жағдайын жақсартып, гүлденуіне апаратын сенімді жол ретінде дәлелдеді. Түпкілікті саяси шешім қабылданды. Экономикасы мықты, тұрақты бүкіл Еуразиялық одаққа тиімді кеңістік құру үшін әлі де болса көптеген ауқымды жұмыстарды атқару керек. Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз дәл осында.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы
Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісте Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» құжат 2014 жылы 29 мамырда Астанада қол қойылған. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту, тараптар халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесіне орай олардың экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау. Сондай-ақ, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, ресурстардың бірыңғай дамуын қалыптастыруға ұмтылу, жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикаларды жандандыру, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Бүгінде Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы техникалық ынтымақтастықтың нысаналы қоры туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі нақтыланды. Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасына қатысты жаңа енгізілімдер аясында жаңадан құрылған Агенттікке – таратылған Агенттіктің сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, ал, Қаржы министрлігіне – экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін беруге бағытталған түзетулер енгізу көзделіп отыр, бұл ретте Агенттіктің және Қаржы министрлігінің тиісті бөлімшелеріне құқық қорғау органы мәртебесі берілетін болады.

Мәжіліс мақұлдаған тағы бір заң жобасы – Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы. Конвенцияға сәйкес, шетелде жүрген адамдарға азаматтық немесе сауда істері жөніндегі құжаттарды тапсыру сұрау салушы мемлекет консулының өтініші бойынша уағдаласушы мемлекеттерде жүргізіледі. Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысының азаматтары барлық басқа уағдаласушы мемлекеттерде азаматтық және сауда істері бойынша тегін құқықтық көмек талап етілетін мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы соңғы мемлекеттердің азаматтары секілді тегін құқықтық көмекті пайдаланатын болады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Еуразиялық Одақ шеңберінде туризм Қазақстанда қалай дамиды?
Еуразиялық одақ елдеріндегі туризм саласының бүгінгі даму қарқыны қандай? Бұл бағыт табысты сала атана ала ма? Жасырары жоқ, Қазақстанда да, Ресейде де, Беларусьте де туризм инфрқұрылымдары жоғары деңгейде дамымаған. Оның үстіне жергілікті жұрт өз жерінде демалғаннан гөрі, сырт елге шыққанды жөн көреді. «Еуразия әлемі» пікір сайыс клубының кезекті отырысы дәл осы тақырыпқа арналды.

Жиынның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев бүгінгі таңда одақтас елдердегі ІЖӨ нің жартысынан астамы қызмет түрлерін құрайтынын атап өтті. Ал мамандардың пікірінше алдағы жылдан бастап қызмет көрсетудің ортақ нарығы экономиканың 40 пайызын қамтуы мүмкін. Бұл тарапта саясаттанушы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін мысалға келтірді. «2013 жылы қытайлық туристердің саны 100 млн. адамды құрады. Олар туристік демалыстарына 102 млрд. доллар жұмсаған. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш екі есеге өспек. Айталық, дәл осы туристердің тым болмағанда 1 пайызын неге өзімізге тартпасқа?» деді Полетаев.

Ал «Тұран» университетінің жанындағы туризм ғылыми зерттеу институтының директоры Владимир Вуколов бұл тарапта біздің ел бірінші кезекте спорттық туризмді дамытуға басымдық беруі керектігін айтты.Оның сөзінше, шетелдік туристер, оның ішінде альпинистер Жоңғар Алатауы мен Тянь Шань тауына ерекше қызығады. Ол сонымен қатар Қазақстанға келетін туристің қанша қаржы шығындайтынын да айтып берді. «Бізге сапарлап келетін шетелдіктер 750 және 2000 доллардың аралығында қаржы шығындайды. Біз қазіргі күні спорттық туризмді дамытумыз керек. Оның барлық мүмкіндігі бар» деді өз сөзінде Вуколов.

Өз кезегінде Алматы қалалық Туризм басқармасының бас маманы Лолита Ким туризм өздігімен дамымасына баса назар аударды. «Бар мәселе неде? Барлығы әуежайдан, құжат тексеруден басталады. Бізге келетін туристер ең алдымен көшелердегі белгілер ағылшынша жазылмайтынына, сол себепті көп жағдайда барар жерін анықтай алмай жатарына шағымданады. Бұдан сырт қызмет көрсету сапасы төмен. Былайша айтқанда, біздің персоналдың сөйлесу әдебі, мәдениеті келушілерді үркітіп жібереді» деді Ким.

Ал көп жылдар бойы Қазақстанның Франциядағы консулы қызметін атқарған Қазбек Бейсебаев сегіз жыл бойы туристік елдерде жұмыс істегенін, бұл тарапта біздің елді Франция немесе Швейцариямен салыстыруға келмейтінін атап өтті. «3-4 жыл бұрын Қазақстанға жылына 35 000 мың турист келетін, олардың 30 000 Алматыға келетін еді. Ал қазіргі күні олардың саны 300 000 өскен. Бірақ, бір қызығы біз елімізде жүрген шетелдіктердің барлығын турист ретінде қарастырамыз. Бұл дұрыс емес. Шекара асып, жұмыс бабымен келетіндер бізде көп аялдамайды» деді ол өз сөзінде.

Ал Қазақстан туризм қауымдастығының өкілі Алексей Хакімжанов Лолита Кимнің пікіріне қолдау білдірді. «Айталық, шетелдік туристер көбінесе Көлсайға барғысы келеді. Бірақ біздегі жолдың сапасы, ағылшын тілінің дамымағаны оларды ойынан айнытып тастайды» деді Хакімжанов.

Источник: Национальный научный портал Республики Казахстан

от wefund