немесе Еуроодақтың Орталық Азияда қандай мүдделері бар?
Биылғы жылы Еуроодақтың Орталық Азия аймағындағы Стратегиясы өзінің мәресіне жетті. Айта кетелік, аталған стратегияға бас-аяғы 719 млн. еуро бөлінген болатын. Саясаттанушылар мен сарапшы мамандардың пікірінше алдағы уақытта аталған бағыт бойынша Еуроодақтың жаңа Стратегиясы жасалынбақ. Еурокомиссар Андрис Пиебалгстің сөзіне қарағанда 2020 жылға дейін Еуроодақ тарапынан Орталық Азия елдерімен арадағы әріптестік байланысқа 1 млрд. еуро бағытталатын болады. «Еуразия әлемі» сарапшылар клубының кезекті отырысы «Еуропа Орталық Азиядан не іздейді?» деген тақырыпқа арналып, жиынға қатысушылар осы тараптағы өз пікірлерін ортаға салды.
Эдуард Полетаев, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі:
Украинадағы «Еуромайдан» тұтанбай тұрып, қалың бұқара мұндай құжаттарға аса мән бермеген еді. Біз өз кезегімізде осынау құжаттың мәні мен мазмұнына үңіліп көрмекшіміз. Шынымен де, 7 жыл ішінде осынау стратегия аясында Еуропа қандай істер атқарды, Орталық Азия елдері мен Еуроодақ арасындағы байланыста ілгерілеу бар ма? Меніңше, мұндай құжаттарға аса ыждаһаттылықпен қарау керек. Неге десеңіз, осы арқылы тұтастай алғанда Еуропаның мүддесі, мақсаты қандай екенін аңғаратын боламыз. Бұған қоса АҚШ-та да, Ресейде де мұндай арнайы бір геоаймаққа бағытталған құжат жоқ.
Байқаған болсаңыздар, соңғы кездері бірқатар қазақстандық БАҚ-тарда Украиндағы майданға қатысты өз пікірлерін білдіріп жатқан зиялы қауым өкілдері «біз НАТО-ға кіруіміз, сөйтіп Еуропаға жақындауымыз керек» деген сыңайдағы пікір айтуда, ал бір басылымнан тіпті «Еуроодақ Киевтен кейінгі назарын Астанаға аударады» деген тақырыпты оқып қалдым. Менің ойымша, Еуропаның Орталық Азияда атқарып жатқан істері мен Украинадағы қақтығыстардың арасында еш байланыс жоқ. Оның үстіне, Батыс әрбір стратегиялық құжатты мұқият дайындайды, олардың ОА-ға қатысты стратегиясы Украинадағы майдан туындамай тұрып-ақ жасалынып қойған болатын.
Бұдан сырт, аталған құжаттың бірқатар тармақтары орындалған жоқ. Бұны еуропалық шенеуніктер де жасырмайды. Себебі, соңғы 20 жылда ОА елдері бір-бірінен тым ерекшеленіп кетті, ал аталған стратегия тұтастай аймаққа бағытталған болатын. Стратегияның кейбір бағыттары орындалмай қалғаны да содан.
Ал жаңадан қабылданбақ стратегияда Қазақстанға жетекші рөл берілген. Біздің ел Орта Азияның аймақтық мәселелерін шешуге атсалысатын болады. Өзгелеріне, атап айтсақ, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстанда Еуродақ әлеуметтік-экономикалық көмек көрсететін болады. Бұл жағынан Қазақстан да Батысқа бөтен емес. Біздің елге бағытталған инвестицияның 47 пайызы Еуропа елдерінен келеді, сондай-ақ Батыспен арадағы ішкісауда айналымы 50 пайызды құрайды. Әйтсе де ОА елдері ЕО-ның негізгі әріптестері емес, бұл тұрғыда Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Батысқа бізден қарағанда бір табан жақын. Бұл ретте біздің аймақ Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпірдің қызметін атқаруы мүмкін.
Андрей Чеботарев, «Балама» өзекті зерттеулер орталығының директоры:
Еуропалық Одақтың Орта Азияға қатысты 2007-2013 жылдарға арналған арнайы Стратегиясы биылғы жылы аяқталады. Бұл дегеніміз осынау құжаттың ең алдымен заңдық тұрғыдан күші жойылады деген сөз. Шынымды айтсам, бұл құжатты соншалықты өзекті деп санамаймын. Себебі, ол өз-өзін ақтамады. Аймақтың саяси-экономикалық талаптарына сай келмеді. Мысалға, Набукко жобасын алалық, аталған Стратегия аясындағы осы жобаның нәтижесінде Орталық Азиядан Еуропаға көмірсутек шикізаты тасымалданады делінген. Алайда, Набукко идеясы өзін-өзі ақтамады.
Барлығын басынан бастайыншы. Аталған құжат 2007 жылы қабылданған болатын. Стратегия қабылданғаннан кейін Еуропа жұрты «алақайлап» қуанды. Әсіресе, Германияның қуанышында шек жоқ еді. Себебі бұл елдің ОА-да бұрыннан бері жүзеге асыра алмай келе жатқан өз мүдделері бар-тын. Мұның бәрі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, етпеуі анықталатын сәтпен тұспа-тұс келді. Кейіннен біздің елде «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданды. Десек те, барлығы Батыс ойлағандай болмады. Бұл жерде мен Эдуард мырзаның сөзімен келісемін. Орталық Азия аймағында орын алуы мүмкін бірқатар процестер аталған Стратегияда мүлде қамтылмаған еді. Сондықтан осы құжатта көзделген бірқатар міндеттерді жүзеге асыру мүлде мүмкін болмады. Бұл әсіресе, адам құқығының қорғалуы, заңның орындалуы, демократияландыру тармақтарында тығырыққа тірелді. Бұлар ғана емес, құжаттың жүзеге асыруға аталған аймақтағы терроризмнің өршуі, Қырғызстандағы халық пен билік арасындағы қақтығыстар кедергі келтірді. ЕО сондай-ақ аталған аймаққа Қытай мен Ресейдің өз әсерін тигізуі мүмкін екенін де назардан тыс қалдырды. Бір қызығы, Орталық Азияға бағытталған Стратегияның күйрегенін Батыстың өзі бірінші кезекте мойындауға бата алмай отыр. Бұл ретте Еуроодақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі Пьер Морель «құжаттың толықтыратын тұстары бар…» деп қана шектелді.
Есесіне, Батыстың белді зерттеу институттары осыған қатысты бар ақиқатты ашып салды. Стокгольм халықаралық институтының директоры Нил Мелвин осы орайда «ЕО Орталық Азиядағы негізгі ойыншы атанамын деген мақсатына қол жеткізе алмады» деген пікір білдірді. Және ең басты кедергі – ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің ОА-ға қатысты ұстанымдары әртүрлі болды. Бұл өз кезегінде Стратегияның бір ізге түсіп, жүзеге асуына қолбайлау жасады.
Құралай Байзақова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Еуропалық ақпараттық орталық директоры:
Иә, жасырары жоқ ОА-ның экономикасы дамыған сайын біздің аймаққа деген Еуроодақтың назары артып келеді. Орта Азия аймағына қатысты Батыстың мақсаты әлдеқашан анықталған, алайда оларды жүзеге асырудың құралдары жетілмегенін айта кету керек. Бұған қоса, Стратегияны жүзеге асыруға бөлінген қаржы да мардымсыз болды. Байқар болсақ, ОА аймағы мен ЕО арасындағы әріптестік алғашқыда демографиялық құндылықтарды дамыту, инвестиция, сауда бағыттарымен ғана шектелген еді, соңғы жылдары энергетика, транспорт, құқықтық тәртіп және қауіпсіздікті сақтау бағыттары да қамтылып отыр. Осынау құжат ЕО елдері мен ОА елдерінің арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге тиіс болатын. Менің ойымша, Батыс аталған Стратегияны 2007 жылдан сәл ертерек қолға алу керек еді. Сонда барлығы басқаша болар ма еді. Мен Андрей Чеботарев мырзаның сөзімен келіспеймін. Иә, Стратегияның әлсіз тұстары болды, себебі оны жүзеге асыратын механизмдер болған жоқ. Бірақ, бұл Стратегия міндетті түрде орындалуы қажет құқықтық құжат емес.
Біз бұл арада мына бір жайтты назарымыздан тыс қалдырғандаймыз: Стратегияның орындалуында неліктен олқылықтар орын алды? Себебі, Еуроодақ Орта Азия елдерінің арасындағы болмыстық айырмашылықтарды, олардың өзара қырғиқабақ жағдайға түскен сәттерін назарға алған жоқ. Бұған келісетін шығарсыздар, әзіргі күні ОА-да бір жұдырыққа жұмылып отырған жоқ. Екіншіден, ЕО – ОА елдерінің барлығы мүше болып табылатын ШЫҰ, ЕврАзэс сияқты ұйымдармен ұжымдаса жұмыс істеуді қаламады. Дегенмен, өз басым ОА-дағы Батыстың ықпалы артып келе жатыр деп санаймын және де Стратегияны құрарда Еуроодақтың Ресейді назарынан қалыс қалдыруы еш мүмкін емес. Брюссель аталған аймақта Ресейдің де мүдделері бар екенін жақсы біледі. Алайда дәл қазір Еуропаны Ресей емес, Орталық Азияға қатысты Қытайдың стратегиясы алаңдатып отыр.
Ойымды түйіндер болсам, бізге қалай болғанда да ЕО қажет. Біз, яғни Орталық Азия аймағы Батыспен арадағы әріптестікке мұқтажбыз. Себебі, олардан үйренеріміз көп. Айталық, терроризм, экстремизм, есірткі саудасы сияқты халықаралық қылмыстардың жолын кесуде Еуропаның тәжірибесі мол. Иә, Батысты бірінші кезекте экономикалық және энергетикалық саладағы әріптестік алаңдатары анық. Алайда, ЕО адам құқығын қорғау мәселесін де назарынан тыс қалдырмайды. Бұл бағытта жетілдіруді қажет ететін дүниелер жетіп артылады. Еуропаға Орталық Азия мемлекеттерінің демократиялық елге айналуы аса маңызды. 90-жылдары бұл мәселе аса өзекті еді. Себебі, Батыс біздің елдердің мұсылман халифатына айналып кетуінен қауіптенген болатын. Қазіргі жағдай сәл-пәл өзгерді, ЕО аймақтағы демократиялық процестерді біртіндеп дамыту қажет екендігін түсінді.
Нарғыз Қасенова, КИМЭП университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры:
Әріптестеріммен келісетін де, келіспейтін де тұстарым бар. Бірінше кезекте осынау Стратегия орындалмады деген пікірмен келіспеймін. Себебі, мұндағы міндеттердің көпшілігі нақты айқындалмаған және ұзақ жылға межеленген. Еуроодақ өкілдері де «Стратегия өз-өзін ақтамады» деген ой айтқан жоқ. Мұндағы бірқатар тармақтарда көрсетілген міндеттер аса өзекті. Бір ғана – демократия мен адам құқығы мәселесін алалық. Бұл бағыт бойынша Орта Азия елдері 2013 жылға қарай толық демократиялық даму жолына түседі деп Еуроодақ еш жоспарламаған болар. Айтарым бұл құжат әншейін қағаз жүзіндегі дүние, ОА-ға қатысты жоспарланған жұмыстар жалғыз Стратегиямен аяқталып қалмайды. Бұған қоса, Стратегия аясында көрсетілген міндеттер де өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Себебі, Орталық Азияда тұрақсыздық орын алар болса, бұл бірінші кезекте Батыстың экономикасына әсер етеді. Ал әріптестік бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар деп ойлаймын. Бұған дәлел Еуроодақтың дипломатиялық өкілдіктері – Ташкент пен Бішкек қалаларында ашылды. Төрт мемлекетте ЕО-ның елшіліктері бар. Қауіпсіздік бағытында да бірқатар бастамалар қолға алынды. Айталық, есірткі саудасына қарсы бағдарламасы қабылданды, қаржы бөлінді. Су саласында да ЕО белсенділік танытып отыр. Орталық Азия аймағында су мәселесі аса өзекті екендігі жасырын емес. ЕО осы бағыттағы бірқатар мәселелердің түйінін шешіп бермек, бұл ретте олар шағын гидростанцияларды қаржыландыруға дайын отыр. Энергетикалық бағыт бойынша, иә Набукко жобасы күйреп қалды, алайда Транскаспийлік газқұбырының құрылысы бойынша келіссөздер әлі де жүріп жатыр. Бұған тек Батыс ғана емес, Түрікменстанның өзі де мүдделі. Меніңше, ЕО-ға Қытай мен Ресей сияқты Орталық Азиядағы ықпалын арттыра түсуі керек.
Және бір айта кетер жайт, экономикалық тұрғыдан Қазақстан Батысты аса қызықтырмайды. Есесіне біз олардан инвестиция тарта аламыз. Бұл ретте біздің елді ДСҰ-ға кіргізуге алдыңғылардың бірі болып ЕО елдері ықылас танытқан болатын. Егер ДСҰ-ға кіретін болсақ, экономикалық бағыттағы оң өзгерістер болуы мүмкін. Қалай болған күнде біз ең алдымен Батыс елдерімен арадағы экономикалық байланыстарға басымдық беруіміз керек. Жоғарыда, ЕО – ШЫҰ сияқты ұйымдармен байланыс орнатпайды дедіңіздер. Меніңше, олардың әріптестік орнатуына ешқандай себеп жоқ. Себебі, жұмыс істеу тетіктері мүлде бөлек.
Владислав Юрицын, «Zonakz.net» интернат-басылымының саяси шолушысы:
– Өз басым тұтастай алғанда ЕО-ның ықпалы артып келе жатыр дейтіндермен келісемін. Алайда Орталық Азия елдері транзиттік аймақтың міндетін атқарады деген пікірмен толықтай келіспес едім. Айталық, ЕО Испаниямен әріптестік орнатуға мүдделі, себебі аталған ел арқылы Батыс – Латын Америкасын, болмаса Франция арқылы Африка құрлығына өтеді. Екіншіден, ЕО өз идеологиясының тұтқыны болып отыр. Мысалға, Стратегияда адам құқығы қорғалу керек, аталған саланы Орталық Азия аймағында жетілдіру қажет деп баса айтылған. Алайда бұл аймақта – Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты елдердің барлығы назарға алынбаған. Сайып келгенде бұл елдердегі қоғамдық құрылыс пен ЕО талаптары бір-біріне қарама-қайшы. Яғни, бұл елдермен белгілі бір бағытта бірлесе жұмыс істеу аса қиын. Жалпы Орталық Азияда ЕО-дан қалың бұқараның көзі де, көңілі де шаршаған сияқты. Себебі, іс емес, сөз көп. Айталық, Еуроодақтың Түрікменстандағы өкілі сұхбат берді делік. Ол өз сөзінде сол елдің қонақжай екендігін айтумен ғана шектеледі, ал адам құқығы мәселесін ауызға да алмайды. Есесіне, Еуропаға барса басқаша жырлайды. Мысалы, дәл осы Түрікменстан адам құқығын қорғауға қатысты барлық құжаттарға қол қойды, алайда бір де біреуін орындаған жоқ. Меніңше, Еуропалық Одақтың Орталық Азия аймағына ықпалын арттыруы Украинадағы жағдайдың қай бағытта шешілуіне байланысты болады. Бірақ, бұл бір ғана Стратегиямен шектеліп қалмасы анық.
Евгений Пастухов, ҚР Тұңғыш Президент қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының маманы:
ЕО Орталық Азия елдерімен әріптестік орнатуға неліктен мүдделі болып отыр? Сайып келгенде, уақыт мүдделерді де өзгертеді. Мысалға, 90-жылдары Батыстың көздегені мүлдем басқа мақсат болады. Анығында олар біздің аймақтың мәселелеріне мүлде бас ауыртпайтын.
Тек 2001 жылдан бастап Батыс елдері Орта Азия мемлекеттерімен байланыс орнатуға ынта-ықылас таныта бастады, Себебі, геосаяси ахуал тек Ресей, Иран және Қытаймен арадағы әріптестікпен ғана шектеліп қалмасы анық еді. Қазіргі біз айтып отырған Стратегия шынтуайтында сол кезде пайда болған болатын. Алғашқыда Еуропаның Орта Азияға қызығушылығы қауіпсіздік, энергетика және адам құқығы салаларымен ғана шектелетін, уақыт өте Батыс қызығушылық танытқан бағыттардың аясы кеңейді.
Бұған қоса, Ресей билігіне Путиннің келуі Батысты біздің геоаймаққа назар аударуға мәжбүр етті. Қалай болған күнде, ЕО Орталық Азияны Ресейдің ықпалына бергісі жоқ. Ал Путин өздеріңіз білетіндей Еуразиялық одақты құруға негізгі бастамашы болып отыр. Тағы бір байқағаным, соңғы жылдары Орталық Азияның геосаясатына, энергоқорына, қауіпсіздік саласына, халықаралық сахнадағы орны мен рөліне бағытталған көптеген ғылыми еңбектер жазылып жатыр. Демек, еуропалықтар біздердің ішкі мәселелерімізге, әлеуметтік экономикалық дамуымызға назар аударып отыр деген сөз. Өйткені мұндай ғылыми еңбектер тектен тек жазылмайды. ЕО бізді ислам әлемі мен Еуропаның арасында қақпа ретінде қарастыратынын да ұмытпау керек. Ислам әлемінің қиыр солтүстігіндегі мемлекеттер бүгіндері бүтіндей модернизацияланды, сайып келгенде біздің болмысымыздың, тіршілігіміздің өзі еуропалық қалыпқа ұқсап келе жатыр. Ал бұл бірінші кезекте Батысқа тиімді. Яғни, Орталық Азия арқылы ЕО Еуропалық құндылықтарды насихаттап, еуропалық мәдениеттің құлашын кеңейте түспек. Менің, Еуропа Орталық Азияны ислам өркениеті мен батыс әлемі арасындағы алтын көпір ретінде қарастырады деген пікірім тегін емес. Себебі, осы рөлді атқаруға тиіс болған Түркия бұл міндетті толық орындамай отыр. Сонымен қатар біздің аймақ көптеген мықты мемлекеттердің көзқұрты екенін де жасыруға болмайды. Бұл аймақта Қытай мен Ресейден тыс АҚШ-тың да мүддесі бар екені белгілі. Бұл орайда ЕО-ның АҚШ-ты жақтайтыны, американдық тараптың жағына шығары айдан анық.
Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы КИСИ-дің бас ғылыми маманы:
Қазақстан «Еуропаға жол» бағдарламасын қабылдаған болатын. Бұл бағдарламаның қабылдануы біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ұсыныс айтқан сәтпен тұспа-тұс келуі тегін емес. Қазақстан ЕҚЫҰ-ны басқаратын болыпты деген тұста, отандық саясаттанушылар тарапынан «еуропалықтар бізді әбден сынайды, біздің мұндай ұйымды басқара алмайтынымызды, біздің стандарттардың батыстың талаптарына сай келмейтінін айтып жерден алып, жерге салады» деген болатын. Алайда іс жүзінде соның бірі болған жоқ. Себебі, Еуропаның келісімшарт жүргізу әдістері АҚШ-қа мүлде ұқсамайды. АҚШ белгілі бір елдің ұстанымдары демократияға қайшы келіп жатса, мұндай елді сынның астына алады. Еуропа өз кезегінде дискуссияға барғанды, компромиске келгенді жөн көреді. Бір мысал келтіре кетейін. Айталық, Түрікменстан. Бұл елде Еуропаның тиімді энергетикалық саясаты жүзеге асырылған болатын. Пьер Морель Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов таққа отырғанда онымен тікелей жолықты. Демократиялық дамуға бастайтын, былайша айтқанда символикалық қадам жасауды ұсынды. Өз кезегінде Бердымухамедов Түрікменстанда көппартиялы жүйе қабылдайтынын жария етті. Сөйтіп ертесіне-ақ Морель аталған елдің дұрыс бағытта келе жатқанын, бастысы бір қадам алға жылжығанын қуана хабарлады. Бұдан түйін түйер болсақ, Еуропа бірінші кезекте диалогке барғанды жөн көреді. Ал мұндай бастамалар түптің түбінде өз жемісін береді деп ойлаймын.
Дулатбек Қадырбекұлы, Халықаралық бизнес академиясының профессоры:
Мені мынадай сауал мазалап отыр: дәл қазір Еуропа өзінің ішкі мәселелеріне алаңдаулы ма, әлде Орталық Азиядағы «шығыстық әріптестікті» жандандырудың жаңа жолдарын іздестіруде ме? Бұл сұраққа Украинадағы майдан аяқталған кезде толықтай жауап беруге болады деп ойлаймын.
Жалпы Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанның шоқтығы биік. Иә, Ресей өзінің империялық пиғылынан әрі айырыла қойған жоқ. Бірақ мұның бәрі өтпелі. Себебі, диктаторлық ұстанымдар мен пиғылдар қазіргідей әлемде мәңгілік болуы мүмкін емес. Дәл қазіргі жағдайда украин халқы жеңіске жетер болса, Ресейдің жағдайы қиындай түсері анық. Қазір ресейлік тарап ЕО-ны ұтып кеткенін мәлімдеп үлгерді, шынтуайтында бұл мүлде олай емес. Ресей ЕО-ны ұтар болса украиндықтар биліктің шешіміне қарсы өре көтерілмес еді. Жасырары жоқ, бүгінгі Батыс дағдарыста тұр. Алайда дағдарыстан айыққаннан кейін ЕО Орталық Азия аймағына түпкілікті түрде ден қоятын болады.
Уәлихан Төлешов, Халықаралық даму институтының директоры:
Ең алдымен Еуропа өзінің Орталық Азия турасындағы көзқарасын өзгертуге тиісті және көзқарас өзгеріп келе жатыр. Мысалға Джеймс Камерон келген кезде біздегі ақпарат құралдары оған «нендей шаруамен жүрсіз?» деген сауал қойған болатын, сол кезде ол: «мен мұнда жаңа нарық, инвестициялауға болатын жаңа жобалар іздеп келдім» деген болатын. Айтайын дегенім, сол жолғы сұхбатта адам құқығы туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Сайып келгенде, Еуропа бізге ең алдымен экономикалық тұрғыдан көмегін тигізгісі келсе, нақты іспен шұғылдануы керек. Неге, себебі біздің аймақ метафизикалық тұрғыдан онсызда еуропалық кеңістікке кіріп кеткен, «біздің аймақта еуропалық ықпал жоқ» деп ешкім кесіп айта алмайды. Сондықтан ЕО Германия мен Польшаға қалай қараса, бізге де солай қарауы керек. Біздің бір кемшін жеріміз өз заңдарымызды еуропалық стандартқа сай өзгерте алмағандығымызда жатыр.
Тағы бір айта кетер тұс, жаңадан қабылданбақ Стратегиядан адам құқығы тұралы тармақты алып тастау керек. Неге, біріншіден Қазақтан ЕҚЫҰ төрағасы болды, екіншіден қазіргі жаһандық экономикалық трендердің талабы мүлде бөлек. Мысалға, АҚШ дәл қазір еуроатлантикалық және тынықмұхиттық бірыңғай экономикалық кеңістік құруға мүдделі. Күні кеше ғана Қытайға сапарлап барған Ұлыбритания Премьер-министрі Дж. Камерон ЕО мен Қытайдың арасында ортақ экономикалық және сауда кеңістігін құру туралы ұсыныс айтты. Сайып келгенде, бүгінгі өмірде экономикалық мәселелер алдыңғы кезекке шығып отыр. Өйткені жыл өткен сайын ұжымдасып, бірлесіп шешуді қажет ететін экономикалық мәселелер көбейіп келеді. Қазіргі таңда ешкім де адам құқығы мен демократия мәселесіне басты басымдық бермейді. Әрбір мемлекеттің өзінің ұлттық болмысына сай таңдап алған демократиялық үлгісі бар. Мұндай мәселелерге келгенде ұлттық позицияны берік ұстану керек.
Біз «Еуропамен тең дәрежеде сөйлесе алмаймыз» дейтіндердің пікірлері қисынсыз. Айталық, Қазақстан Еуропаның барлық белді мемлекеттерімен стратегиялық әріптестік орнатқан. Сөзіміздің қорытындысында айтарым, саяси және идеологиялық мәселелерді қарастыра бергеннен мүйіз шықпайды. Ендігі жерде біз Еуроодақпен арадағы технологиялық әріптестік бағытын жетілдіруіміз керек.
Замир Қаражанов, саясаттанушы, «Литер» газетіндегі саясат бөлімінің жетекшісі:
Бүгінгі әңгімеміздің өзегі осынау Стратегия қаншалықты тиімді, болмаса, тиімсіз болды дегенге тіреліп тұр ғой. Меніңше, жобаны жүзеге асыруға бөлінген 700 млн. еуро, егер алты жыл уақытқа жіліктесек, соншалықты қомақты қаржы емес. Дегенмен, мен сіздердің назарларыңызды мына бір мәселеге аударсам деп едім. Біз бұл Стратегиядан үлкен үміт күттік, алайда ойлағанымыздай болмады. Соңғы кездері біздің елдің ЕО-мен арадағы сауда байланысы төмендеп кетті, өзге бағыттар бойынша да алға жылжудың орнына кейін кеттік. Тағы бір тұрғыдан қарасақ, дәл қазір Еуроодақ белсенді әріптестік орнатқан қандай аймақты көріп тұрсыз? Еуропа Латын Америкасымен де, араб елдерімен ме, тіпті осынау одаққа өтеді деген Түркиямен де арасы салқындап кетті соңғы кездері. Екіншіден. Біз көп жағдайда Еуропаның шекарасы қаншалықты екендігін ескере бермейміз. Бұл ретте Николя Саркози Түркияның ЕО-ға қажеттілігі жоқ екендігін айтып, осы шекараны нақты айқындап берді. Яғни, Еуропаның өз ішіндегі әріптестік – бұл мүлдем басқа деңгей. Ал сыртқы әріптестіктің деңгейі бұдан қарағанда біршама төмен. Біз Еуропа барлық елдермен етене араласып кетпейтінін ұғынуымыз керек. ЕО-ның әріптестік шеңбері шектеулі. Дәл қазір Иранмен арада ядролық бағдарлама бойынша ілгерілеу байқалады. Алайда оның өзі қаншаға созылары белгісіз.
Ал Орталық Азияға қатысты Стратегияда гуманитарлық және экономикалық салалар қатар қамтылған болатын. Алайда, бір ғана энергетика саласында көптеген өзгерістер орын алды. Еуропа бұрынғыдай біздің шикізатқа мұқтаж емес, бізге таңсық болып көрінетін желдің, күннің күшінен қуат алатын жаңа технологиялар соңғы жылдары көптеп қолданыла бастады. Демек, бұл арада ендігі жерде Еуропаға Набукко жобасы қажет пе деген сауал туындайды. Бұрындары бұл жоба Батыстың энергоқоржынын толтыратын құрал ретінде қарастырылған болатын, қазіргідей баламалы энергия көздері табылған жағдайда Еуропа өзіне қажетті қуатты өзі-ақ өндіреді.
Мына бір жайтты да қалыс қалдырмау керек. Қазақстан Еуропа тарапынан түскен барлық ұсыныстарға келісімін беріп, етене әріптестік орнатуға дайын ба? Меніңше, толықтай дайын емес. Бір ғана демократия мен адам құқығы саласын алсақ жетіп жатыр. ЕО тарапынан осы мәселе көтерілген кезде Қазақстанның тыжырынып қалатынын, сөйтіп алдыңғы кезекке экономиканы шығаратынын жақсы білеміз. Ал Еуропаға бірінші кезекте демократия маңызды.
Сонымен қатар, Стратегиядағы міндеттердің толық орындалмағанын тек ЕО-дан көруге болмайды…
Автор: Думан БЫҚАЙ
Источник: Дала мен қала