Келісімшартқа қол қойылар күн жақын
ИНТЕГРАЦИЯ…
«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубында алдағы май айында іс жүзінде іске кірісетін Еуразиялық экономикалық одақтың сан-салалы мәселелері талқыланды. Жиынға қатысқан қонақтар осынау одақтың экономикалық
қырларына ғана емес, сонымен қатар саяси сипатына да баса назар аударды. Сонымен қатар, үш елдегі шағын және орта бизнестің ахуалы, қазіргі кәсіпкерлердің жағдайы, осынау одақ турасындағы бұқаралық ақпарат құралдардағы мақалалар, білікті саясаттанушылар мен экономистердің көзқарасы кеңінен сөз болды. Осы орайда біз, дөңгелек үстелге шақырылған азаматтардың ой-пікірлерін қысқа да нұсқа негізде ұсынып отырмыз.
Эдуард Полетаев, саясаттанушы:
– Биылғы жылдың ең басты жаңалығы, оның ішінде посткеңестік кеңістіктегі айтулы оқиғалардың бірі – алдағы мамыр айында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) қол қойылады. Бұл идея осыдан жиырма жыл бұрын айтылған болатын және биылғы жылы іс жүзінде жүзеге асты. Осынау одақ төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Сарапшылар оның ішінде саясаттанушылар, экономистер, журналистер, блоггерлер бәрі-бәрі де ЕЭО-ға қатысты ой ойларын білдіріп жатыр. Біз бұл ретте одаққа біріккелі отырған үш елдің бұқаралық ақпарат құралдары «не жазып жатыр?» зерттеу жүргізгенбіз. Оның нәтижесінде осы мәселеге Қазақстан масс-медиасының назары ерекше екендігіне көз жеткіздік. Ал ресейлік ақпарат құралдарының қазіргі назары қайда екендігі өздеріңізге белгілі болар…
Осынау одаққа біріккен мемлекеттердің мақсаты – посткеңестік кеңістікте тиімді әрі табысты интеграциялық құрылым құру. Еуразиялық одақ туралы айтқанда, оның ең біріншіден экономикалық одақ екенін ескеру керек және кішігірім емес, ең жоғары деңгейдегі ұйым. Бірақ дәл қазір осы одақтың қаншалықты табысты боларын дөп басу айту еш мүмкін емес. Сондықтан әзіргі күні одаққа біріккелі отырған елдердің макроэкономикалық көрсеткіштеріне сүйенуге тура келеді. Бұл бірінші кезекте ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) өсім, импорт, экспорт көрсеткіші және т.б. Бірақ бір нәрсені мойындауымыз керек. Ресей мен Қазақстанның экономикалық өсімі көп жағдайда табиғи ресурстар экспортына тәуелді. Ал дамыған мемлекеттерде басқа талаптар, экономикалық өсім технологиялық жаңалықтармен олардың өндіріске кірігуімен, ғылыми зерттеулермен, білім саласындағы табыстармен өлшенеді. Яғни, мемлекеттің дамуы, табысы тек ЖІӨ-ның өсімімен өлшенбейді. Біздегі экономиканың ең үлкен кемшілігі, дайын өнім өндірмейміз. Ал дайын өнім өндіру үшін ғылыми-технологиялық кешенді бағдарлама керек. Ал мұндай бағдарламаны жүзеге асыру үшін бірнеше мемлекеттің күш-қуаты жұмылғаны жөн. Менің ойымша, ЕЭО осыған септесетін болады.
Біздің бүгінгі басқосу негізі осы одақтың төңірегінде мәселелерге арналмақ. Атап айтқанда осынау одақ туралы халыққа қандай ақпарат тарап жатыр? Яғни, қалың қауымға таралатын ақпараттың мәніне, мазмұнына сай осынау интеграциялық ұйым туралы көзқарас қалыптасатыны жасырын емес.
Шынын айту керек, қазіргі қазақстандық қоғамда осынау интеграция турасындағы пікір әрқилы. Себебі, осынау одақтың оң тұстары, болашақ перспективалары жайында аз айтылып жүр. Айталық, «Стратегия-2050» бағдарламасының бағыт-бағдарына халық қанықты. Болашағы бар жоба екеніне көз жеткізді. Еуразиялық одаққа да осындай бағдардар, осындай бағыт қажет.
Марат Шибұтов, Қазақстандағы шекаралық әріптестік Ассоциациясының өкілі:
– Мен осынау келісімшартпен танысып шықтым. Одақтың қағаз-құжатын айтып отырмын. Иә, қазір «Еуразиялық Одақ негізінен экономикалық ұйым болады» деген пікірлер айтылып жүр, алайда келісімшарттың мазмұнымен жете танысар болсаңыздар, оның ішінде саяси мәселелер де бар екенін аңғарар едіңіздер. Осынау келісімшарттың бесінші бабында: «ЕЭО негізінен сауда саясатымен, техникалық реттеу, фитосанитарлы шаралармен шектеледі» деп айтылған. Сонымен қатар: «одақ халықаралық құқықтың субъектісі болып табылады» деген баб бар. Сайып келгенде бұл екеуі бір-біріне қарама қайшы. Ресейліктер одақтың аясын кеңіткісі келеді, ал біздікілер өз кезегінде, келісімшарттан «ұйым халықаралық пунктің субъектісі болып табылады» деген тармақты алып тастағысы келеді.
Одақтың саяси аспектісіндегі тағы бір мәселе бұл – одақ Кеңесі мен Парламентаралық ассамблея. Аталған ассамблеяға одаққа біріккен әрбір елдің 30 депутаты кіретін болады. Әрине, әзір оның қаншалықты тиімді жұмыс жасары белгісіз. Өйткені біздің, ресейліктердің және белорустердің парламент мүшелерінің саны әртүрлі. Біздің төменгі палатада шамамен 100, ал Ресейде 450 адам бар. Белорустер біз шамалас.
Мен бұл ретте аталған одаққа қатысты Ресейде не айтылып жатқанына әрқашан назар аударып жүремін. Олар «үш елдің арасындағы экономикадағы көрсеткіштер, айырмашылықтар дауыс санында да ескерілуі керек» дейді. Меніңше бұл мәселеге байыппен келу керек. Кедендік Одақтың кемшін тұстары естеріңізде болар…
Енді осынау одақтың экономикалық жағына тоқталайын. Келісімшартта – үш елде міндетті түрде орындауы тиіс жайттар тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ бұл пунктермен, қазіргі күні осынау келісімшартты жасаған жауапты тұлғалардың сөздері көп жағдайда сәйкес келмей жүр. «Кедендік лимитті, ҚҚС (қосымша құн салығы), салық, акциздер және тағы да басқаларды өзгерту қажет пе, жоқ па?» деген пікірталас жүруде. «Егерде осы пікірталастардың нәтижесінде өзгеріс бола қалса, олар аталған келісімшартқа енгізіле ме, жоқ па?» деген мәселе тағы бар.
Екіншіден, келісімшарттағы талаптар мен міндеттер орындалуы керек. Бұл үш елге де қатысты. Алайда біз мұндай талаптардың кейбір кездері ескерілмей, керек десеңіз аяққа тапталып жатарын байқап отырмыз. Оған Кеден Одағы куә. Сосын бұған Белорусьтегі нарықтық емес экономика да кедергі келтіріп отыр. Айталық, ол жақта алкоголь өнімдеріне мемлекеттік монополия бар, сондықтан аталған өнімді жеке кәсіпкерлер сата алмайды. Ал бұл өз кезегінде ЕЭО келісімшартына қайшы.
Сосын келісімшарт қалыс қалдырған бір жайт бар. Нақты айтқанда «Ресей субъектілерінің жергілікті стандарттары Еуразиялық Одақтың келісімшартына кіріктірілген стандарттар мен нормаларына сай болуы керек» деген мәселе қалыс қалдырылған. Ресейде бірқаншама федерациялар бар. Яғни, оларда жаңа облысқа кірген, жаңа мемлекетке кіргенмен тең. Ал, жаңа жердің өз заңдары болатыны белгілі. Сайып келгенде, оларды ескермей болмайды.
Ғалия Мөукебаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастары факультеті халықаралық байланыстар мен әлемдік экономика кафедрасының профессоры:
– Бүгінгі әлемде интеграциялану, аймақтық бірігу кез-келген мемлекет үшін маңызды құрал. Иә, жасырары жоқ, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты сауал көп. Журналистер одақтың саяси жағына көбірек үңіледі, ал сарапшылар экономикалық жағына көбірек назар аударады. Негізі, Эдуард мырза дұрыс айтып отыр. Одаққа қатысты сан түрлі ақпарат негізінен Қазақстанда тарауда. Бұл ретте еураоптимистер мен еураскептиктер тобы қалыптасты. Бірақ, меніңше, дәл әзіргі күні экономикалық интеграцияның қажеттілігін барлығы түсініп отыр. Дегенмен, бұл процесс тек мамыр айындағы келісімшартқа қол қоюмен шектеліп қалмайды. Өздеріңіз білетіндей, Еуроодақ интегрциясының өзі бақандай 50 жылға созылған болатын.
Марат Шибутов, Қазақстанлағы шекаралық әріптестік Ассоциациясының өкілі:
– Сосын сіз мына жайтты қалыс қалдырып барамыз. Одақтағы тағы кемшілік, яки кедергі оған жаңа мүшелерді қабылдаудың қиындығында жатыр. Ал біз бұл мәселеге менің ойымша, өте мұқият қарау қажетпіз. Яғни, біз алға тартқан талаптарға сәйкес келмеген елдерді өз қатарымызға қабылдауға тосқауыл қоя білуіміз керек. Сосын ЕврАЗЭҚ, ТМД-ның еркін сауда аймағы, Еуразия одағы бір мезетте өмір сүре алмайды. Сондықтан бұлардың нақты біреуіне таңдау жасау қажетпіз. Неге? Айталық ТМД аясындағы еркін сауда аймағының кейбір ережелері, талаптары ЕЭО-ға сай келмейді. Былайша айтқанда, біз басқа қажетсіз ұйымдардан одақтардан бас тартуымыз керек.
Ғалия Мөукебаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастары факультеті халықаралық байланыстар мен әлемдік экономика кафедрасының профессоры:
– Иә, пікіріңіз орынды. Біз одаққа кіргісі келген кез-келген мемлекетті електен өткізіп барып, бірақ қабылдауымыз керек. Егер біздің талапқа сай келмесе, ендеше бас тартқанымыз жөн. Бұған бір ғана Еуроодақтың өзі анық дәлел бола алады. Бір кездері ЕО өз қатарына ұйым талабына сай келмейтін бірқатар мемлекетті қабылдап алды. Мысалға, Грекия. Күні кеше ғана Еуропаның бірқатар ақпараттық басылымдары «Грекия Еуроодаққа кірер тұста оның біршама шарттары Копенгаген талаптарына сай келмеген» деген ақпарат таратты. Менің ойымша, болашақта одақ құрамына енетін елдер алыстан келмейді. Бұл не Армения болмаса Қырғызстан мен Тәжікстан болуы мүмкін.
Ал Эдуард мырза айтып кеткен Еуразиялық одақтың мақсаты мен бағыты туралы айтар болсақ, бұл жерде жаһандану мәселесін алдыңғы кезекте ескеру керек. Болашақта ЕЭО әлемдегі ең ықпалды ойыншыға айналуы мүмкін. Өйткені бұл ұйым шығыс пен батысты байланыстыратын алтын көпір болмақ. Қазір «біздің бұл ұйымға кіргеннен ұтарымыз не?» деген сауал жиі қойылады. Мен бұл ретте саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтың сөзін мысалға келтірер едім. «Иә, интеграция тиімді. Бірақ бұдан ең алдымен ірі компаниялар ұтады» дейді ол. Әйткенмен, бұл одақтан біздің қаншалықты ұтарымыз, не болмаса ұтыларымыз әзір белгісіз. Дегенмен бізге Кедендік Одақтағы есе жіберген тұстарымыз сабақ болуы керек.
Владислав Юрицын, «Zonakz.net» интернет-басылымының шолушысы:
– Иә, жасырары жоқ, дәл қазір жұртшылықтың Еуразиялық Одақ туралы білері аз. Меніңше, осы одақтың оң тұстары аз айтылып жатыр. Иә, сын бар. Алайда ол қаншалықты сындарлы сын? Ешкім айта алмайды. Біз бірінші кезекте, өзімізден бұрын мына қалың қауымға бұл одақтың нендей ұйым екенін көрсетуіміз қажет.
Екіншіден, Ресей Қырымды қол астына қаратқалы бері, мен бірқатар сарапшылардың: «ендігі жерде Қазақстан осы интеграция мәселесін тоқтата, тежей тұру қажет» деген пікірді естідім. Шыны керек, биліктің ондай ыңғайы байқалмайды. Одаққа қол қою мерзімі біртіндеп жақындап келеді. Сосын, қазір бұл одақ сын айтушыларға жақсы нысан болып алды. «Айталық, бензин неге өседі? – себебі біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз. Жемқорлық неге етек жайып барады? – өйткені біз ЕЭО-ға мүшеміз дегендей» пікірлер жиі айтылып жүр. Бірақ мұнда негіз бар ма?
Айдархан Кұсайынов, «Алмагест» консалтнигтік компаниясының бас директоры:
– Иә, ойыңыз орынды. Халық бұл нендей одақ екенін әлі күнге білмейді. Бәлкім, бұл ақпараттың аздығынан шығар. Кім білсін…Көп жағдайда жұртшылық Еуразиялық одақты Кедендік одақпен шатастырып жатады. Ал Кедендік одақтың қандай кемшілігі болғанын халық, оның ішінде кәсіпкерлер жақсы біледі. Мен бұл турасында біраз адаммен сөйлестім: «Бұл нендей ұйым? Бізге қажеті қанша? Жағдайымыз қиындап кетпей ме?» деген сауалдар қояды. Сайып келгенде, саясатта шаруасы жоқ адамдардың көпшілігі осы ұйымның атынан, атауынан үркеді, қорқады.
Екінші мәселе, біздің Қазақстанның экономикалық лозунгі қандай еді? Ол импорттың тасқынын тежеу, оның орнын өз өнімдерімізбен алмастыру атты ұран болатын. Енді келіп халыққа интеграция туралы идеяларды айтып жатырмыз.
«Ресейде осынау одақ туралы баспасөз беттерінде сирек айтылады, аз жазылады» деп жатырсыздар. Мұның негізгі себебіне үңілер болсақ, ресейлік кәсіпкерлер өздерінің қазақстандық әріптестерінен қандай да бір қауіп күтпейді. Яғни, бәсекелес ретінде санамайды. Былайша айтқанда, қорықпайды. Өйткені олар сыртқа тауар тасымалдап үйренген, бәсекелесінің алдын орауды үйреніп алған. Сондықтан бізге әзіргі күні өзіміздің болмысымызды өзгерту керекпіз. Ол дегеніміз жаңа экономикалық одақтың талаптарына бейімделу, үйрену деген сөз. Қазір баспасөзде «біздің экспорттық көрсеткіш төмендеп, импорт өсіп кетті» дегендей ақпарат жиі шығып жүр. Бірақ, бұл жерде журналистер мына мәселені назардан қалыс қалдырады. Төмендеп жатқан негізінен шикізат өнімдері, пайдалы қазбалар, ал олардың төмендеп кетуінен отандық шағын және орта бизнеске ешқандай зиян келмейді. Есесіне біздің – алкоголы, май, қант өнімдерінің экспорты өсіп жатыр. Ал бұл туралы журналистер жұмған аузын ашпайды. Неге? Түсініксіз.
Сосын біздің бизнесмендердің бойында да бір қорқақтық бар. «Ертеңгі күні одаққа біріксек біздің нарықты ресейлік өнімдер жаулап алады. Бізді шетке ысырады» дейді. Осы бір қорқақ психологияны өзгертуіміз керек. Бұл ретте отандық ақпарат құралдарының құлағына алтын сырға: Ресей нарығына кіріп, өз өнімдерін саудалаған жүзден жүйрік кәсіпкерлерді көбірек жарнамаласа екен.
Өз басым бұл одаққа тезірек қол қойылуын құптаймын. Соза берсек ертеңгі күнгі жағдайдың қалай құбыларын кім білген? Бұған бір Украинаның өзі анық дәлел. Олар Еуроодаққа кірудің мәселесін кешеуілдетіп алды, ал мұның арты немен аяқталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер.
Бірақ, біз осы одаққа кіретін болсақ өз есемізді жібермеуіміз керек. Кедендік Одақтағы жағдайдың қалай болғанын жақсы білемін. Біз келісімшарттар барысында ұтылып қалдық. Неге? Себебі, олардың осындай іспей айналысатын азаматтары аса мықты, шенеуніктері үлкен жастағы азаматтар, тиісінше тісқаққан, тәжірибелі. Бізге осындай тұлғалар ауадай қажет. Есемізді жібермеу үшін.
Айгүл Түлембаева, экономика ғылымдарының докторы:
– Мен осы одаққа қатысты Мәскеуде өткен конференцияға қатыстым. Қызық болды. Көпшілік бұл одаққа үзілді-кесілді қарсы шықты. Бір қызығы олар «Ресейдің Еуразиялық одақтан ұтарынан, ұтылары көп болады» деді. Себебі, бүгінгі күні ресейлік азық-түлік нарығын толықтай белорусь өнімдері жаулап алған екен. Мен экономист ретінде бұл мәселенің экономикалық сипатына үңілейін. Оның ішінде шағын және орта бизнестің мәселесіне назар аударайын. Бұл одақтан ірі бизнес ұтылмайды. Ал шағын бизнеске келгенде….бізді және ресейліктердің алдын белорустер орап кеткелі отыр. Бірақ, олар қазіргі қарқынын одан әрі күшейтуге қауқарсыз. Неге? Себебі, Белорусьте кадр тапшы. Еңбек миграциясына жол жабық. Дегенмен, олардың бізді ұтатын жері шағын және орта бизнес елдің барлық аймағында бірдей дамыған. Бізде бұлай деп айта алмайсыз. Сондай-ақ мен осы дөңгелек үстелге жиналған бірқатар қонақтардың одаққа қатысты айтқан пікірілерімен келіспеймін. Неге? Әу- баста Президент бізге «импорттың тасқынын тиямыз» деген жоқ. Елбасы осы одаққа бірігу арқылы біздің кәсіпкерлерге негізгі экспорттық бағытты көрсетіп отыр, былайша айтқанда бізге орасан үлкен нарыққа шығуға жол ашуда. Ал біздің кәсіпкерлер мұндай нарыққа шыққысы келмейді. Неге дейсіз бе? Себебі олардың сыртқы нарыққа, одақтас елдердің нарығына шығарар жарытымды өнімдері жоқ. Біздің бүкіл ШОБ «сатып алда қайтара сат» деген принциптің негізінде жұмыс істейді.
Автор: Есет Көшебе
Сілтеме: Дала мен қала