Кедендік одақ елдеріндегі туризм саласының бүгінгі даму қарқыны қандай? Бұл бағыт табысты сала атана ала ма? Жасырары жоқ, Қазақстанда да, Ресейде де, Беларусьте де туризм инфрқұрылымдары жоғары деңгейде дамымаған. Оның үстіне жергілікті жұрт өз жерінде демалғаннан гөрі, сырт елге шыққанды жөн көреді. «Еуразия әлемі» пікір сайыс клубының кезекті отырысы дәл осы тақырыпқа арналды.

93

Жиынның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев бүгінгі таңда одақтас елдердегі ІЖӨ нің жартысынан астамы қызмет түрлерін құрайтынын атап өтті. Ал мамандардың пікірінше алдағы жылдан бастап қызмет көрсетудің ортақ нарығы экономиканың 40 пайызын қамтуы мүмкін. Бұл тарапта саясаттанушы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін мысалға келтірді. «2013 жылы қытайлық туристердің саны 100 млн. адамды құрады. Олар туристік демалыстарына 102 млрд. доллар жұмсаған. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш екі есеге өспек. Айталық, дәл осы туристердің тым болмағанда 1 пайызын неге өзімізге тартпасқа?» деді Полетаев.

Ал «Тұран» университетінің жанындағы туризм ғылыми зерттеу институтының директоры Владимир Вуколов бұл тарапта біздің ел бірінші кезекте спорттық туризмді дамытуға басымдық беруі керектігін айтты.Оның сөзінше, шетелдік туристер, оның ішінде альпинистер Жоңғар Алатауы мен Тянь Шань тауына ерекше қызығады. Ол сонымен қатар Қазақстанға келетін туристің қанша қаржы шығындайтынын да айтып берді. «Бізге сапарлап келетін шетелдіктер 750 және 2000 доллардың аралығында қаржы шығындайды. Біз қазіргі күні спорттық туризмді дамытумыз керек. Оның барлық мүмкіндігі бар» деді өз сөзінде Вуколов.

Өз кезегінде Алматы қалалық Туризм басқармасының бас маманы Лолита Ким туризм өздігімен дамымасына баса назар аударды. «Бар мәселе неде? Барлығы әуежайдан, құжат тексеруден басталады. Бізге келетін туристер ең алдымен көшелердегі белгілер ағылшынша жазылмайтынына, сол себепті көп жағдайда барар жерін анықтай алмай жатарына шағымданады. Бұдан сырт қызмет көрсету сапасы төмен. Былайша айтқанда, біздің персоналдың сөйлесу әдебі, мәдениеті келушілерді үркітіп жібереді» деді Ким.

Ал көп жылдар бойы Қазақстанның Франциядағы консулы қызметін атқарған Қазбек Бейсебаев сегіз жыл бойы туристік елдерде жұмыс істегенін, бұл тарапта біздің елді Франция немесе Швейцариямен салыстыруға келмейтінін атап өтті. «3-4 жыл бұрын Қазақстанға жылына 35 000 мың турист келетін, олардың 30 000 Алматыға келетін еді. Ал қазіргі күні олардың саны 300 000 өскен. Бірақ, бір қызығы біз елімізде жүрген шетелдіктердің барлығын турист ретінде қарастырамыз. Бұл дұрыс емес. Шекара асып, жұмыс бабымен келетіндер бізде көп аялдамайды» деді ол өз сөзінде.

Ал Қазақстан туризм қауымдастығының өкілі Алексей Хакімжанов Лолита Кимнің пікіріне қолдау білдірді. «Айталық, шетелдік туристер көбінесе Көлсайға барғысы келеді. Бірақ біздегі жолдың сапасы, ағылшын тілінің дамымағаны оларды ойынан айнытып тастайды» деді Хакімжанов.

Источник: Қала мен Дала

от wefund