Каспий маңы аймағындағы әріптестікке қашан жан бітеді? «Еуразия әлемі» пікір сайыс клубында бас қосқан сарапшылар осы тақырыпты талқыға салды.

«Достық пен әріптестік: Каспий маңы аймағындағы мемлекетаралық байланысқа қашан жанданады?» деген тақырып аясында өткен отырыстың шымылдығын саясаттанушы Эдуард Полетаев түрді.

Оның айтуынша, биылғы жылы Астанада Каспий маңы аймағының тағдыры айқындалатын тарихи 5-ші саммит өтеді деп жоспарланып отыр. Осы шарада Каспий аймағының экономикасына және қауіпсіздігіне қажетті Конвенция қабылданбақ.

Өз кезегінде тарихшы Асқар Нұрша бұл аймақтың әлі де «ұйқыда» жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл жағдай АҚШ билігіне Трамп келгесін өзгеруі мүмкін. «Ақ Үй Каспий аймағында Ресей мен Иранның әскери қатысуы қаншалықты заңды?» деген сауалды ортаға тастауы ғажап емес» дейді ол.

Бұдан кейін сөз алған ғалым Лидия Пархомчик: «Каспийге қатысты келіссөздердің жүріп жатқанына сонау 1996 жылдан бері есептесеңіз 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Өз басым Қазақстанда өтетін кездесу қандай да бір мәселені шешеді деп ойламаймын. Себебі алдағы саммит өз алдына өте үлкен міндеттер қойып отыр. Ол Конвенция қабылдап, осы құжатқа қол қою. Осы уақытқа дейін өткізілген саммиттердің бірде-бірінде мұндай мақсат қойылмаған» деді.

Саясаттанушы Зәмір Қаражанов өз кезегінде тарихшы Асқар Нұршаның пікірін толықтыра кетті. Оның айтуынша, Каспий аймағында Ресей мен Иран флотының болуы аймақтағы мемлекеттердің бір-біріне деген сенімін көрсетеді.

«Өкініштісі, осы сенім сауда-саттыққа ұласпай отыр. Каспий маңындағы елдердің барлығы мұнай-газ өндіретін мемлекеттер. Сол себепті бұлар өзара тауар алмаса алмайды. Алдағы уақытта осы мәселенің түйінін тарқататын, аймақтағы мемлекеттердің алыс-беріс, барыс-келісін күшейтетін шараларды қолға алған жөн» деді ол.

Источник: DalaNews

от wefund