КЕЗ КЕЛГЕН КЕЛІССӨЗ ҚАҚТЫҒЫСТАН ЖАҚСЫ

27.08.2014

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде өткен Кеден одағы елдері көшбасшылары, Украина және Еуропалық одақ өкілдері кездесуінің қорытындылары жөнінде брифинг өткізді. 

 

Қазақстан Президенті Украи­надағы ахуалды реттеуге бағыт­тал­ған кездесудің маңызды бол­ғанын айтты.

– Қазақстан мен Беларусьтың осы мәселелер бойынша пікір ал­масу және талқылау мақсатындағы кездесуді Минскіде өткізу баста­масын маңызды деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы. Нұр­сұлтан Назарбаев кездесу бары­сында біздің еліміз Донбасс және Луганск халқына гуманитарлық көмек көрсету мәселесін қарасты­руға бастамашылық еткенін атап өтті.

– Қазақстан оны қамтамасыз ету ісіне қатысуға дайын. Мен гуманитарлық жүкті жеткізу кезінде бітім жариялауды және оларды өткізу үшін арнайы дәліз қамтамасыз ету туралы ұсыныс тастадым. Бұл үдеріске Ресейден басқа елдер де қатысуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Украина­ның Еуропалық Одақпен қауым­дасуы туралы келісімінің Кеден одағы елдеріне тигізетін ықтимал салдары кездесудегі тақырып­тар­дың бірі болғандығын мәлімдеді.

– Мәселе – осы қауымдасудың нәтижесінде Еуропа елдерінен Украинаға әкелінетін тауарларға кедергілер толығымен жойыла­тын­дығында. Бұл дегеніміз, сапалы әрі арзан еуропалық тауарлар Украинаға әкелінеді, ал бұл елдің тауарлары Ресейге, сон­дай-ақ біздің елге экспортталады. Бізге мұны ескеру керек.

Қауым­дасу туралы шартты имплемен­тациялау біздің елдері­міздің сауда қатынастарына зия­нын тигізбеу мәселесі Еуропалық комиссия басшылығымен бірге қа­расты­рылды. Осы мәсе­лелер­мен айна­лы­сатын, қажет болғанда Украи­наның Еуропалық Одақпен уағ­даластықтарына өзгерістер ұсы­натын жұмыс тобын құруға ше­шім қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ең бас­ты мақсаттардың бірі– Ресей мен Украина президенттерінің кез­десуін ұйымдастыру болғанын айтты.

– Қазақстан мен Украинаның арасын тарихи байланыстар жалғап жатыр. Біздің еліміздің сыртқы саудасында Украина үл­кен үлеске ие. Біз әрдайым сенімді қарым-қатынаста болдық, сон­дықтан Украинада болып жатқан жағдайға қатты алаңдаймыз. Мен тараптардың уағдаластыққа қол жеткізіп, түйткілдерді шешуі үшін бар күш-жігерімді салдым. Бір мәмілеге келу керек, бұл өзара белгілі бір шегіністі білдіреді. Вла­димир Путин мен Петр Поро­шенконың жеке кездесуі – бүгінгі шараның басты қорытындысы, – деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев мұндай кездесуді жалғастыру туралы уағ­даластық пен мәселені біртіндеп шешудің маңыздылығына назар аударды.

– Бәлкім, келесі кездесу Қа­зақ­станда өтетін болар, бұл тура­сында Еуропалық Одақ өтініш білдірді. Біз келісім бердік. Қалай болғанда да, кез келген келіссөз қақтығыстан жақсы. Бұл кездесуге біздің қатысуымыздың өзіндік маңызы болды, өйткені Қазақстан екі тараптың да сеніміне ие. Біз әділміз, бейбітшілікті, сондай-ақ ынтымақтастық пен өзара түсініс­тікті жолға қою мәселесіне көмек­тесе отырып, Ресей мен Украи­на­ның уағдаластыққа қол жеткіз­генін қалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Украина, Ресей және Беларусь Республикасының президенттері­мен кездесті. Үш мемлекеттің көш­басшылары Украина Прези­денті мен Еуропалық одақ өкіл­де­рінің қатысуымен өткен кезде­судің қорытындысын талқылады. Президенттер Украинадағы ахуал­ды тездетіп реттеуге бағыт­талған күш-жігердің маңызды­лығын атап өтті. Сонымен қатар, мемле­кет басшылары Кедендік одақ пен 2015 жылы іске кірісетін Еуразия­лық экономикалық одақ аясын­дағы ынтымақтастықтың басым­дыққа ие бағыттарын қа­растырды.

Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты: 

 

– Қазір әлемнің назары Минскі­ге ауып отыр. Күні кеше ғана ТМД құрамында болған екі ел арасындағы жағдай бақылаудан шы­­ғып кетті. Украина жағы Минскі­дегі Кеден одағы және Еуро­па одағы басшыларымен бол­ған кездесудің қорытындысы бойын­ша сөйлеген сөзінде қазір көп қырлы форматта жұмыс жүріп жатқанын және бәрі әлі алда еке­нін айтып жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша кесімді сөз айтуға әлі ерте. Украина осыған дейін Ресейдің гуманитар­лық көмегінен бас тартқан. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін бітім жариялау керек» деген бастамасы дер кезінде және орнымен айтылды. Біздің елдеріміз арасындағы байланыстың тамыры тым тереңде жатыр. Одан бөлек, Елбасымыздың жастық шағы­ның белгілі бір кезеңдері осы елде өтті. Сондықтан украина­лықтар бізге сенеді. Қазақ президентінің ұсынысы екі ел арасындағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге септігін тигізеді, ТМД және ЕО мүше елдердің қолдауына ие болады деп ойлаймын.

Эдуард Полетаев, саясаттанушы: 

– Кездесудің қоры­тын­дысы жайлы пікір айтуға әлі ерте. Бірақ Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы ЕО елдері бас­шыларының назарын өзіне аударды деп ойлай­мын. Себебі бұл жерде жағдайдың бейбіт жолмен реттелуіне Ресейдің өзі де мүдделі болып отыр. Сондықтан Қазақстан Президентінің бастамасын КО мүше елдерінің ұжымдық бастамасы деп қабылдауға болар еді. Оның қазақ жағынан айтылуы дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Себебі гуманитарлық көмек көрсету арқылы бітімге келу әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Одан бөлек, украиналықтардың біздің елімізге, Елбасымызға деген құрметі, сенімі ерекше.

 

Сондықтан Қазақстан Президентінің бастамасы кездесу қорытындысына түбегейлі әсер етеді деп ойлаймын.

Санжар Боқаев,  саясаттану ғылымының докторы:

 

– Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президен­тінің абыройы мен сенім порт­фелі конфликті жағдай­ларды оңтайлы шешуде маңызды рөл атқарады. Тіпті Ресей Федера­ция­сының көме­гінен бас тарт­қан, Украин мемлекетіне гуманитарлық көмектің жіберілуі – дұрыс шешім және Елбасының тапқан әдемі технологиясы деп айтса да болады. Бұл көмек Украин елінің шығыс бөлігіндегі жапа шеккен халыққа көп себеп болады. Соның өзінде Қазақстан көп қаражатын жоғалтпайды. Сонымен, қазіргі кездегі шиеленістің басылуы – Назарбаевтың төреші рөлін­дегі жеткен жемісі. Бұл дегеніміз маңызды келіссөздер­ге деген алғашқы қадам. Нақтылып айтсақ, Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы келіссөздерге қолдау көрсету мақсатында маңызды және қиын миссияны атқарып келеді.

Источник: Айкын