Еліміздегі орыстілді саясаткерлер мен журналистер, қоғам қайраткерлерінің басын қосып, түрлі тақырыпты талқыға салатын «Еуразия» пікір сайыс клубының кезекті отырысы қазақтілді оқырманға да қызық болар деп ойлап, «Мұнай-газ саласындағы қазақстандық-ресейлік жобалар: болашақ беталысы және интеграция» атты тақырыпта өткен басқосуға қатысып қайттық.
Бұдан бұрынғы отырыста орыстілділер Қазақстанның мұнай секторындағы Ресейдің үлесі мардымсыз екендігін айтқан. Әсіресе, саясаттанушы Андрей Чеботарев тым белсенді болған еді. «Лукойл» біздегі үш бірдей жобадан кетті. «Роснефть» Құрманғазы кен ошағынан қасықтай мұнай тапқан жоқ. Сондай-ақ «Лукойл» – «Аташ» кен ошағынан түк таба алмады. Сайып келгенде, Ресей біртіндеп-біртіндеп қазақстандық мұнай нарығындағы қатысуын қысқартып келеді, есесіне Қытайдың үлесі күн өткен сайын артып келе жатыр. Мұндай жағдайда Ресей Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп айтуға бола ма?» деген-тұғын.
Ал бұл жолғы басқосудың шымылдығын саясаттанушы Антон Морозов түрді.
– Осыдан 21 жыл бұрын, 93 жылы Қазақстанда мұнай-газ секторындағы алғашқы біріккен кәсіпорын құрылған болатын. Содан бергі уақытта Қазақстан пен Ресейдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарда аталға сала маңызды рөлге ие.
Ал біздің ел үшін мұнайдың орны бөлек. Қазақстанның стратегиялық жоспарлары мұнаймен байланысты. Ал барланған мұнай қорларының көлемі 5,6 млрд. тоннаны құрайды. Мұнай өндіруі қарқыны өсіп келеді. Білуімше 2015 жылға қарай Қазақстан шамамен 150 млн. тонна мұнай өндірмек. Бұл өз кезегінде біздің ел мұнай өндіруден әлемдік алпауыттардың қатарына қоспақ. Бұлардың 90 пайызы, яғни 135 млн. тонна экспортталатын болады. Мұндай жағдайда мұнайды тасымалдау мәселесі алдыңғы орынға шығары анық. Біздің елдің бұл бағыттағы маршруттары мынадай: Бірінші кезекте, Батысқа мұнайды «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбырын пайдалана отырып РФ территориясы арқылы жөнелтеміз. Ақтаудан Бакуге және «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы әрі қарай жөнелтілетін транскаспийлік тасымалдарды да қаперден қалыс қалдыруға болмайды. Темір және «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры арқылы мұнайды Қытайға тасымалдаймыз. Сосын оңтүстік бағытта Ақтаудан ирандық Нека портына жеткізілетін және Парсы шығанағы арқылы әлемдік рынокқа жол тартатын экспорттау бағыты бар. Бірақ біздің мұнайдың негізгі инвесторлары (америкалықтар мен еуропалықтар) аталған бағытты аса жақтыра бермейді.
Қазақстан мен Ресейдің көмірсутектік мәселелер жөніндегі әріптестігі екі жақты байланыстың маңызды бағыты. Елбасы да «бұл бағыттың стратегиялық маңызы бар» деп бекерге айтқан жоқ. Соңғы кездері мұнайды ресей арқылы экспорттау мүмкіндігі шектеліп келеді. Себебі, мұнай құятын танкерлер өтетін Босфор мен Дарданеллдың өткізу қабілеті шарықтау шегіне жетті. Бұл мәселені «Бургас- Александрополис» құбырын іске қосу арқылы шешу көзделген еді, алайда айтылған күйінде қалды.
Қазақстан мен Ресей тек мұнай ғана емес, сонымен бірге газ саласында әріптестік орнатқан. 2002 жылдан бері «КазРосГаз» («Газпромның» және «ҚазМұнайГаздың» біріккен кәсіпорны) Қарашығанақ кен орнының шикі газын қайта өңдеу мақсатында оны Орынбор газ өңдеу зауытына тасымалдайды. Бұдан басқа, Қазақстан арқылы түркімен және өзбек газы Ресей территориясына өтеді. Каспий маңы газ құбырының жобасы басталмай жатып аяқталғанмен, газ әлі күнге «Орталық Азия – Орталық» магистралі арқылы тасымалданады.
Ресей Қазақстанның шикізатты тасымалдаудағы көпвекторлы экспорттық бағыттарына түсінікпен қарайды. Теріскей көршіміз «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры жобасын алғашқылардың бірі болып қолдады. Бұл арада Ресей өз мүдделерін де ескерді. Себебі, батыссібір мұнай кендеріндегі «қара алтынды» көршіміз дәл осы құбыр арқылы Қытайға экспорттауға мүмкіндік алды. Дегенмен де есесін жібергісі жоқ. Бұл ретте, көршіміз Каспийдегі сыртқы ойыншылардың (АҚШ және ЕО) ықпалы азайту жұмыстарын жүргізеді. Екіншіден, Ресейді айналып өтетін Транскаспийлік немес НАБУКО құрылысына кедергі келтіруі мүмкін. Жақында ғана Каспий акваториясын қатысты құбыр жүргізу жұмыстары бес елдің келісімінсіз жүргізілмеу керек деген Қазақстан мен Әзірбайжанның арасындағы үш жақты келісім-шартқа қол жеткізді.
Белгілісі қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейдің арасындағы мұнай-газ саласындағы әріптестік негізінен өнім көлемін арттыру, шикізат өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттаумен ғана шектеліп отыр. Бірақ мұндай әріптестік арты екі елге де абырой әпермейді. Осы ретте сіздерге қояр мынадай сауалым бар: Екі елдің мұнай-газ саласындағы әріптестігінен қандай да бір тиімді жобалар күтуге бола ма? Кедендік одақ, ЕЭК жұмысы іске қосылғаннан кейін екі елдің арасындағы экономикалық байланысты арттыруда қандай мүмкіндіктер ашылады? Мұнай-газ саласындағы қазақ-ресей әріптестігіне Батыстың көзқарасы қандай?
Сергей Домнин, «Эксперт-Қазақстан» журналының сарапшысы:
– Мұнай өндіру саласында ресейлік «Лукойлды» атап айтар едім. Компанияның дерегінше олардың қазақстандық мұнай өндірудегі үлесі 8-10 пайыз. «Лукойл» Қарашығанақ пен Теңіздің қатысушысы. Бұдан сырт Арман жобасында, Әлібекмол және Қожай кен орындарында да бар. Былайша айтқан, «Лукойл» қазақстандық мұнай өндіру саласында ресейлік ең табысты инвестор. Кішігірім жобаларда компания қытайлық кәсіпорындармен біріккен, ал ірі жобаларда консорциумдармен бірлескен. Бұлардың ішінде «ҚазМұнайГазбен» арадағы әріптестігі жоғары деңгейде деп айтпас едім. Бұлардың тек үш әріптестік жобаларғы ғана бар. Мұнай өндіру және барлау ісінде «Роснефтьті » ұмытуға болады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» бен «Газпромның» біріккен жобасы – «ҚазРосГаз» екі елдің мұнай-газ секторындағы әріптестік жобалардың ең ірісі. Ал тасымалдау жобалары тікелей – КҚК-ға (Каспий құбыр консорциумы) жүктелері анық. Экспорт «Атырау -Самара» ресейлік құбыр желісі арқылы жүргізіледі.
Газ саласы бойынша тағы бір маңызды жоба – «Орталық Азия — Орталық» магистралі арқылы түркмен және өзбек газын РФ-ға тасымалдау. Бұл «ҚазРосГаздың» мұрындық болуымен жүзеге асады.
Кедендік Одақ, БЭК бойынша айтарым, алғашқы мұнай-газ саласының мәселелеріне баса мән берілген жоқ. Тек Біртұтас экономикалық кеңістік аясында келісімге қол қойған тұста құбыр жүйесін тең пайдалану туралы тармақ пайда болды. Яғни, бір елде өндірілген мұнайда екінші елдің құбыры арқылы жүргізу төңірегіндегі барлық шектеулер алынып тасталды. Ал бұл келісімшарт өз кезегінде «ҚазРосГазға» тиімді болды. БЭК-тің шеңберінде биылғы жылдың мамыр айында шикізат ресурстары бойынша комиссия құрылуы мүмкін, бұл комиссия өз кезегінде шикізат ресурстарының бағасын белгілейтін болады. Сайып келгенде, интеграциялық процестер аталған салаға да кірігеді. Аталған саладағы әріптестік екі елдің арасындағы экономикалық байланыстарды арттыра түседі. Мұнай-газ саласындағы екі жақты кездесулерді үнемі талқыланады. Демек, көмірсутек экспорты экономикалық әріптестіктің ең басты бағдары деп айтуға болады. Иә, Астана мен Мәскеудің жақындасуын Батыс жақтырмайды. Еуроодақтың транскаспийлік газқұбыры жүргізу туралы тақырыпты үстіне-үстіне көтеру ресми Астананы өз ыңғайына жығылтудың амалы. Алайда, бұған қолбайлау болатын бір мәселе: бізде еркін газ жоқ. Бұл бізде болғанға болса, аталған жобаға ойланбай-ақ кірер ме едік. Оның үстіне Астананың батыстық инвесторлардың көңіліне келмеуге тырысатынын назардан тыс қалдыруға болмайды. Сосын, біз мойындағымыз келмесе де Брюссель, Вашингтон, Пекин – Астана, Ашхабад,Баку, Мәскеуге шикізат тасымалдаушы донорлар ретінде.
Андрей Чеботарев, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры:
– Тимур Құлыбаев «Газпромда» жүргеніне міне екі жылдан асып барады. Осы уақыттың аралығында «Газпромның» Қазақстандағы мүдделерін жүзеге асыруда қандай да бір ілгерілеу бар ма?
Сергей Домнин:
– Шынымды айтсам, бұл сұрағыңызға нақты «иә» немесе «жоқ» деп жауар бере алмаймын. «Газпромды» Қарашығанақтан «қуып» шыққаннан кейін оның Қазақстанға деген қызығушылығы да қалмады-ау осы…
Сергей Смирнов, Oilnews.kz мұнай-газ журналының бас редакторы:
– Олар («Газпром», автор.) Павлодардағы мұнай өңдейтін зауытты сатып алмақ болды. Алайда ойлағандарынан түк шықпады. Содан бері «Газпромның» қызығушылығы да азайып қалды.
Сергей Домнин:
– Бірақ олардың біздің жерімізде «Газпром-мұнай» АЗС желілері бар ғой. Бұл Омбыдағы зауыттың жанармайы. Ал аталған зауыт «Газпромға» қарайды. Еліміздегі жанармай құятын нысандарды еркін саудаға жіберу туралы әңгіме болғанда, олар Гелиосқа ауыз салғысы келеді, алайда ол ойлағандарынан да түк шықпады. Ал мұнай өнімдерін әкелуге тыйым салынғанда «Газпром-мұнайдың» құлашы мүлдем қысқарып қалды. Себебі түсінікті де, ҚМГ жанармайды өзі белгілеген бағада әкелгісі келді.
Антон Морозов:
– Менің білгім келетіні соләркіге белгіленген нақты баға бар ма?
Сергей Смирнов:
– Негізінен үш өнімнің дизельді жанармай, АИ-80 және АИ-92-ның бағасы бақыланады. Мұндағы бірінші талап әрине мұнай бағасы. Тасымалдаушы бірінші кезекті мұнайөнімдерін Қазақстанға жеткізуде жолға жұмсаған шығындарын есептейді. Бұл арада теміржол арқылы жеткізілген шығындар назарға алынады. Білсеңіздер, жанармай бағасының көтерілуінің бір себебі теміржол тасымалымен байланысты болды.
Сергей Домнин:
–Кейбір мамандар бізге жанармайды экспорттаған тиімді деген пікір айтады. Бірақ ол үшін, егерде біз ресейлік жоғарыоктанды жанармайды пайдаланған тиімді болса ендеше импортқа да шектеу қойылмауы керек. Бізде керісінше, импортты шектеп тастайды. Шынымды айтсам, импортты тежеуді қандай пайдасы бар екенін түсінбеймін. Себебі, біздің ішкі нарыққа жанармай жетіспейді. Егер біз шекараны ашар болсақ, біздің жанармайдың бағасы да Ресейден кем болмас еді, бірақ ең бастысы осы өнімшілік тапшылық көрмес едік.
Сергей Смирнов:
–Сосын бізде геологиялық барлау ісі мүлде тұралаған. Аталған саланы құртып алдық. Білікті мамандар жоқтың қасы. Жақында ғана маған бір жігіт шаңсорғыш сатпақ болдым. Сұрастыра келсем Политехті, геологиялық барлау факультетін бітірген екен. Өз саласын мүлдем білмейді. Себебі, ешқандай тәжірибелік жұмыстарға шығармаған. Геологиялық барлау саласының ажырамас бөлшегі саналатын ұңғымаларды көрмеген. Ал мұндай мамандар кімге керек? Білікті дейтіндердің өзі қартайыңқырап қалды, енді бір тобы Ресейге көшіп кетті.
Бэла Сырлыбаева, экономика ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы:
–Қазақ-орыс әріптестігі туралы айтар болсам, Ресей біздің ең ірі әрі ең басты экономикалық әріптесіміз. Бірақ Ресейдің әлсіз тұстары бар. Қазақстандық және ресейлік технологиялар, оның ішінде мұнай-газ құрылғылары ескірген. Мұны да мойындау керекпіз. Меніңше, Каспий Ресей үшін соншалықты маңызды аймақ емес. Себебі, теріскей көршіміздің жер көлемі үлкен, оның территориясы мен шекараларында маңыздылығы жағынан Каспийді он орайтын кен орындар бар. Ал Каспий – Қазақстан, Түркменстан және Әзірбайжан үшін бірінші кезектегі мәнге ие, Ресей мен Иран бұл істе аса белсенді емес. Сосын Әзірбайжан және Қазақстандағы бірқатар ұңғымалардан мұнай табылған жоқ немесе мардымсыз болды. Мысалға Құрманғазы кен орнынан Ресей үлкен үміт күткен. Мұның аяғы қалай аяқталғанын жақсы білесіз. Ақыры бұл екі елдің біріккен жобаларын жүзеге асыруға кедергі келтірді. Сонымен қатар, мұнай тасымалдаудың көлемі де, оның ішінде Қашағандағы көрсеткіш айтарлықтай ауқымды емес. Және бұдан бұрын жаппай жарнамаланған кейбір жобаларда нәтижесін бермеді. Набукко магистралді газқұбыры жүзеге аспай қалды. Себебі, жалғыз Әзірбайжанның тұтас Еуропаны газбен қамтамасыз етуге шамасы жетпейді. Ал ЕО-ға газды Түркіменстанның тасымалдаған тиімді болып тұр. Бірақ оның жолдары әзір белгісіз. Ал Қазақстандағы газдың көлемі Түркіменстанға жетпейді. Сондықтан өз басым ЕуроОдақтың қазақстандық мұнайгаз секторына қызығушылығы жоғары деп айтпас едім. Уақыт өте келе Ирак пен Ливиядағы жағдай қалыпқа келіп, Иранның бетін бері қаратар болса Еуропаға мұнай мен газды тасымалдаудың басқа да жолдары ашылатын болады.
Сергей Смирнов:
–Мұнайға қатысты ойыңызды толықтыра түсейін. Бізде негізінен мазут өндіріледі. Ал мұнайды өңдеу барысында алынатын жанармайдың мөлшері өте аз. Жаңа айтып өткендей негізінен бұл – мазут, дизелді отын және АИ-80 төменгі октанды жанармайы.Ресейде Қазақстанда өндірілетін Евро-2 жанармай мүлдем сатылмайды…Тыйым салынған. Қазіргі оларда Евро-4, Евро-5 жанармайын өндіру үстінде. Ал біздің отынның құрамында бензола, күкірт сияқты қоспалар көп.
Марат Шибутов, Қазақстандағы шекаралық әріптестік Ассоциациясының өкілі:
–Біздегі мұнай құбырларының жүйесі және мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы әуел бастан-ақ ресей мұнайын өңдеуге негізделген. Бұған дәлел, қазіргі күні Қазақстандағы 60 пайыз мұнай өнімдері не Ресейде, не болма ресейдік өнімнен әзірленген. Бұдан кейін біздің ішкі нарықтағы мұнайдың бағасы тым арзан, сол себепті мұнайшыларға өз өнімін мұнай өңдейтін зауыттарға өткізген тиімсіз. Сондықтан да ресейліктер Біртұтас экономикалық кеңістік, Кедендік одақ келісімшартына қол қойған кезде мұнай тасымалдау бөлек алып қарастырды. Біз оларға 1,2-1,5 млн. тонна мұнайды компенсация есебінде тасымалдап тұрдық. Қазір бұл компенсацияның күші жойылды, ендігі жерде мұнай бізге де, оларға да ешқандай баж салығынсыз еркін тасымалданатын болады. Бұл Қазақстанға жылына –1,15 миллиард долларды үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Біз үшін тағы тиімді тұс, «Росмұнай» және басқа да компаниялар біздің «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры арқылы Қытайға мұнай тасымалдайды.
Дайындаған Динара Мыңжасарқызы
Источник: «Түркістан»