Мұражайларды жаңғыртуды неден бастауымыз керек?

19.12.2018

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының кезекті басқосуы «Мұражай әлемі және мәдениеттер үндестігі: әріптестіктіктің заманауи тенденциялары» тақырыбына арналды.

Саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына тоқталып өтіп, бұл мақаланың аясында атқарылар іске баға берді.

«Елбасы өз мақаласында мұражайларға ерекше тоқталды. Мұражайлар эстетикалық тәрбие беретін, сонымен қатар қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын, тағы да басқа мұраларынан айырылып қалмауға септігін тигізетін рухани-мәдени орынға айналуы тиіс», – деді ол.

Ал осы басқосуға Ресейден арнайы келген Жаңасібір мемлекеттік мұражайының директоры Андрей Шаповалов өз сөзінде  түркі әлемінің тарихы Қазақстаннан бастау алатынын айтты.

«Жаңасібір облысы аймақ ретінде бертінде 1937 жылы ғана құрылған. Орыстар бұл жерлерге 18 ғасырдың орта шенінде ғана келді. Оған дейін бұл аумақ Ұлы Даланың бір бөлшегі болады. Сондықтан Жаңасібірдің арғы-бергі тарихы туралы айтқанда Ұлы Даланы сөз етпей кете алмаймыз.

Қазақтар саны жөнінен Жаңасібірдегі төртінші ұлт. Олар өз тарихы мен мәдениетін көздің қарашығындай сақтап отыр. Жаңасібірдің өзінде тұратын қазақтар қаншама десеңізші.  Иә, Қазақстан мен Ресейдің соңғы 100 жылдағы тарихы ортақ. Бұл тарихқа біздің әртүрлі баға беретініміз де жасырын емес. Бірақ, бұл бәрібір де тарих. Меніңше Қазақстан мен Ресей мұражайларының арасында әріптестік байланысты жетілдіріп, ауқымды көрмелер өткізу қажет» деді ол.

Ресейден келген тағы бір қонақ, Томбы облысының мұражайының директоры Станислав Перехожев Кеңестік кезеңдегі мұражайлардың тым жұпыны болғанын айтты.

«1926 жылдан кейін басталды мұндай саясат.  КСРО тұсындағы барша мұражай бір-бірінен айнымайтын еді. Мұражайда не тұруы, не тұрмауы керектігіне қатысты жоғарыдан түсетін бұйрық бар-тын. Бұл саясаттың Қазақстанға да қатысты болғаны анық. Тек 1990 жылдан кейін ғана Тәуелсіздік алған елдер мұражайларын ұлттық жәдігерлермен толықтыра бастады.

Мұражайлар Кеңес одағы туралы шындықты айтуы керек. Өткен тарихымызды жасырып жабудың қажеті жоқ» деді ол.

Өз кезегінде Қастаев атындағы Мемлекеттік мұражай қорының қызметкері Бекеш Толғанай:

«Мұражайларға баратын адам азайып барады. Балалар да аттап баспайды. Көбіміздің мұражайға қызықпайтынымыз рас қой. Баласын мұражайға апарып жүрген ата-ананы да аз көреміз. Неге? Мұражайға не үшін барғымыз келмейді?

Түркістанда Қазақ хандары жерленген кешен бар. Тайқазанымыз – бір төбе. Ашық аспан астындағы Тамғалы тасымыз-дың өзі неге тұрады?  Бізде көрсететін дүниелер көп-ақ. Тек соларды көрсетудің жолын таба алмай отырған жоқпыз ба?», – деді ол.

Ал саясаттанушы Әділ Кәукеновтың пікірінше бәрі де идеяға байланысты. «Халыққа эмоция керек. Еліміздегі мұражайлардың қорын жәдігерлермен толықтыра түсу керек. Сонда ғана бұл жерлерге халық келеді. Біздегі мұражайлардың ең үлкен мәселесі осында. Олар өзгермейді. Бес, он жыл бұрынғы жәдігерлер көптеген мұражайларды орнынан қозғалмаған күйі әлі тұр» деді ол.

 
Источник: Dalanews.kz – ақпараттық агенттігі