Мәскеудің қарамағына өтуді қалаған Қырым жұрты Украина мен Ресейдің арасындағы онсызда ушыққан жағдайды өршітіп алмады ма? Саясаттанушы Эдуард Полетаевпен арадағы әңгіме толықтай осы тақырыпқа арналды.
558_0
Жас қазақ: Украинадағы жағдай әрі қарай қалай өрбуі мүмкін?
Эдуард Полетаев: Дөп басып айта алмаймын. Бірақ Майданның салдары ұзаққа созылады. Байқайсыз ба, қазір бұл елдегі президент сайлауы туралы ешкім айтпайды. Тіпті оның болар-болмасы белгісіз. Украинаның жаңа билігі басқа мәселеге бас қатыруда. Елдің қазынасы бос. Бұдан сырт «Оңшылдар секторы» сияқты қарулы жасақтардан құралған топтар да «биліктен бір орын бұйырып қалар» деп дәметуде. Қазіргі билік Януковичтің тақтан тайдырарда қалауынша пайдаланған түрлі (қылмыстық) топтан, былайша айтқанда, «батькалардан» құтыла алмай отыр.
Жас қазақ: Қазіргі билікке жүктелер ендігі міндет қандай?
Эдуард Полетаев: Бұл бірінші кезекте қауіпсіздік. Украинада стратегиялық тұрғыдан алғанда, аса маңызды әрі қауіпті нысандар бар. Жағдай ушығар болса, оларды әлдебір экстремистік топтар жарып жіберуі ғажап емес. Мәселен, «Оңшылдар секторының» жетекшісі Дмитрий Ярош Украина арқылы өтетін ресейлік газ құбырын жарып жіберетін айтты. Бұдан сырт Украинада атом электр стансалары, аса қуатты су тораптары бар екенін ұмытуға болмайды. Қазіргі билік аталған нысандарды күзетке алу керек.
Жас қазақ: Майданның мұншалықты ауқымды боларын, ал оның арты немен аяқталарын Ресейдің өзі де аңдамай қалғандай. Қалай ойлайсыз?
Эдуард Полетаев: Бұл арада екі жақта да кінә бар. Егер Мәскеу жағдайдың қалай аяқталарын болжаған болса, бүгінгідей саяси қателіктерге жол бермес еді. Сол сияқты қазіргі украин билігі де халық наразылығының арты неге ұласарын білмеді. Екі жақтың саяси салмақты тұлғалары асығыс, ағат айтылған пікірлерге жол берді. Айталық, украин билігі өзінің орыс ұлтына бағытталған әсіреұлтшыл ұрандарының кесірінен елді екіге жарып алды.
Жас қазақ: Қырымды Ресейдің құрамындағы аймақ деп қарастыра беруге болатын шығар…
Эдуард Полетаев: Бұған біржақты жауап беруден аулақпын. Бірақ экономикалық тұрғыдан, Қырым Ресейді үлкен шығынға батыратын аймақ. Бұл өңір Украинаның өзіне үлкен салмақ салды. Украина автономиялық өңірдегі электр қуатының – 90 пайызын қамтамасыз етті. Оның үстіне, Қырым – демалыс аймағы. Яғни бұл жердің экономикасы тек жазғы маусымда ғана жанданады. Қырым Ресейдің қол астына өтсе, Мәскеу Керчь бұғазы арқылы су асты электр қуаты кабелін жүргізуге мәжбүр болады. Сосын Қырымға тікелей баратын құрлық жолы жоқ. Ал әуе қатынасы қымбат. Ресей мен түбектің арасын жалғайтын көпір салу үшін қыруар, қайталап айтайын қомақты қаржы қажет. Бірақ мұны қазіргі Ресейдің қалтасы көтере қоя ма?
Екіншіден, ертеңгі күні Қырымнан көргенін істеп – Абхазия, Приднестровье одан қалды, Украинаның Донецк, Харьков, Луганск облыстары Кремльдің қол астына өтуді сұрауы мүмкін. Жарайды, автономиялық Қырымның әңгімесі басқа. Ал Донецк, Луганск сияқты облыстардың мұндай мәртебесі жоқ. Былайша айтқанда, бұлар тәуелсіз Украинаның ажырамас бөлігі. Демек, Қырымды қабылдамай тұрып, Мәскеу алдымен бұл шешімінің арты неге әкеліп соғарын ойланғаны абзал.
Жас қазақ: «Украина (оның аржағындағы АҚШ пен Батыстың) мен Ресейдің арасындағы тікетірестің арты үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласады» деген болжам айтылып жүр. Бұл қаншалықты қисынды?
Эдуард Полетаев: Соғыстың салқыны сезіліп тұр. Ол рас. Бірақ бұл соғыс бұрынғыдан өзгерек болады. Себебі қазір адам өмірі қымбат қой. Бұрынғыдай миллиондаған адамның қаны төгілетін соғыстың дәуірі келмеске кеткен. Яғни үшінші дүниежүзілік соғыс орын алған жағдайың өзінде, ол бірінші кезекте ақпараттық шайқас арқылы жүзеге асырылады. Бұған біз қазірден-ақ куәміз.
Жас қазақ: Украинаның ең негізгі мәселесі неде?
5488_0
Эдуард Полетаев: Бұл елде ортақ идеология жоқ. Яғни, халықты бір жұдырыққа жұмылдыратын, біздегідей (2030, 2050 Стратегиясы) идеялар жоқтың қасы. Халық сайлаудан сайлауға дейін өмір сүреді. Сайып келгенде, «15-20 жылдан кейінгі Украина қандай болады?» – деген сауалға билік басындағылардың ешбірі бас қатырмайды. Өздерінің қысқа мерзімді мақсатын жүзеге асырса асырды, асырмаса ол да қалды. Ал Украина сияқты батыс пен шығысқа бөлінген елге дәл біздегідей ортақ идеология ауадай қажет.
Жас қазақ: Украин билігі толық жасақталды деп айтуға бола ма?
Эдуард Полетаев: Бұған мына қырынан тоқталайын. Билік басына келген топтар соңғы кездері орыс ұлтына бағытталған әсіреқызыл мәлімдемесін сап тыйды. Демек, ақылға келді деген сөз. Өз үндеуімен елді екіге жарып алғанын олар енді ғана аңдады. Меніңше, қазіргі Украинадағы билік құрамы толық айқындалды деп айтуға әлі ерте. Уақыт өте келе Майданнан іріктеліп алынған кездейсоқ азаматтардың барлығы саптан шығады, олардың орнына Батыспен де, Ресеймен де тең дәрежеде байланыс орнататын сауатты сая­саткерлер келеді деп үміттенемін.
Жас қазақ: Бірқатар ресейлік саясаткер «Ресей Украинадағы, оның ішіндегі Қырымдағы жағдайды толық «реттегеннен» кейін назарын Солтүстік Қазақстанға қарай аударады» деп жүр. Сіз бұған недейсіз? Осы пікір шындыққа жанаса ма?
Эдуард Полетаев: Бәзбір (ресейлік, автор.) саясаткер­сымақ­тардың Қазақстанның солтүстігіне көз алартқаны рас. Оларды Ресейдің өзінде қандай да бір саяси салмағы бар тұлға деп айта алмаймын. Бұл оларға өзінің бар екенін білдіріп қоюдың тәсілі ғана. Екіншіден, бізді Украинамен салыстыруға болмайды. Себебі демографиялық арасалмақ әртүрлі. Украинаның шығысындағы жергілікті ұлттың үлесі мүлдем мардымсыз. Ал Қазақстанның солтүстігінде қазақтың үлесі артып келеді. Одан қалды, өзінің Орталық Азиядағы ең негізгі серіктесі Астанамен араздасу Мәскеуге қажет пе? Ресейге бір ғана Солтүстік Кавказдың өзі жетіп артылады. Бұған Қытай «жаулай бастаған» Сібір мен Қиыр Шығысты тағы қосыңыз. Яғни қазір Ресей өзге елдің аумағына көз алартудан бұрын, өзінің территориялық тұтастығын сақтап қалуға тырысуда.
Үшіншіден. Мәселен, мен өзім таза орыспын. Бірақ біздегі орыс пен Украинадағы орыстың мінезі, болмысы мүлде бөлек. Осы елдің азаматы ретінде мен Қазақстанда тыныштық, тұрақтылық болғанын қалаймын. Бұл – менің ғана емес, осы елде өмір сүретін тұтас орыс ұлтының ұстанымы. Біз қандай бір саяси сілкіністердің болғанын қаламаймыз. Бұған дәлел, бүгінгі оппозицияның арасында бірде-бір орыс жоқ. Біз ырыс пен ынтымақ атты бақытты бағалай білуіміз керек. Бұл кез келген елдің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.

Сұхбаттасқан Думан Бықай

Сілтеме: Жас қазақ

от wefund