Күні кеше Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді.
Бұл мақалада музейлерге ойып тұрып орын берілген. «Еуразия әлемі» сайыс клубында бас қосқан сарапшылар бұл ретте «Музей әлемі және мәдениеттер үндестігі: әріптестіктің заманауи тенденциялары» атты тақырыпты талқыға салды. Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша «Ұлы дала» музейінің жобасын жасағанда осы саламен байланысты барлық мәдени бағыттарды жаңғырту қажет. – Тарих ғылымы, сәулет өнері, өнертану, этнография саласы музей әлемімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл салалардың барлығы бір арнаға тоғыстыратын кез жетті, – дейді ол.
Ал Ресейден келген тарихшы Дмитрий Березняковтың айтуынша Кеңес өкіметін көрмеген, Тәуелсіз елде ержеткен буын үшін музейлерді жаңа жәдігерлермен толықтыру қажет. – Бүгінгі буынның талабы мен талғамы жоғары. Посткеңестік буын өз елінің арғы-бергі тарихын жете білуі үшін музей композиялары шынайы, тартымды негізде құрылуы керек, – дейді ол. Өз кезегінде еліміздегі ЮНЕСКО орталығының директоры Ләйлә Ахметова 1990 жылдардың аяғы 2000 жылдардың басында Қазақстанда республикалық маңызы бар музейлер – 13, мекемелік музейлер – 5, облыстық музейлер – 25, қалалық музейлер – 31, аудандық музейлер – 47, қорық музейлер – 7, сонымен қатар мемориалдық музейлер 11 болғанын тілге тиек етті. Оның атап өткеніндей тарих жаңғырып, өткенге деген көзқарас өзгерген сайын музейлерге деген сұраныстар өсуде. – Алайда музейлерге сол сұраныс сай бола ала ма, жоқ па? Мәселе сонда. Музейге барудың өзі үлкен мәдениет. Алайда адам ол арадан іздегенін таба алмаса, қайтып ол жерге баруы екіталай, – дейді ол. Оның сөзін саясаттанушы Әділ Қаукенов та қостап отыр. – Біздегі музейлердің ең үлкен мәселесі осында. Олар өзгермейді. Бес, он жыл бұрынғы жәдігерлер көптеген музейлерде орнынан қозғалмаған күйі әлі тұр. Ал мұндай музейлер көрерменінен айырылып тынуы мүмкін, – дейді ол.
Асқар Алтайұлы
Толығырақ: «Айқын»