Қазіргі күні халықаралық қатынастарда аймақтану және интеграциялану үрдісі өзекті болып тұр. Атап айтқанда, одақ, халықаралық ұйымдар құру мәселесі соңғы уақыттары жаһандық деңгейде жанданып жатыр.
«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубының қатысушылары дәл осы мәселені талқыға салды. «Интеграцияның қоғамдық дипломатиясы» тақырыпта өткен жиынның шымылдығын саясаттанушы Эдуард Полетаев түрді. Оның пікірінше осы одақтың қазіргі жағдайлар аясындағы маңызын түсіндіруде мейлінше қоғамға жақын болу қажет. «Бұл тарапта «қоғамдық дипломатия» атты қалыптасқан терминнің өзі бүгінгі тақырыптың аясын ашпайды. «Мәдени дипломатия», «халықтық дипломатия», «азаматтық дипломатия» атты түсініктерді қайта пайдалану керек», – деді ол.
Ал саясаттанушы Марат Шибұттың пікірінше одақ аясында атқарылар істерді қоғамдық тұлғалар, сарапшылар арқылы түсіндірген маңызды. «Қоғамдық дипломатия» дегеніміз осы. Бұл ресми органдардың мәлімдемелеріне қарағанда халыққа әлдеқайда жақын», – деді ол.
Өз кезегінде Қазақ-Неміс университетінің жанындағы халықаралық және аймақтық әріптестік институтының директоры Болат Сұлтановтың айтуынша дәл қазіргі жағдайда халыққа Еуразиялық одақтың артықшылығы мен кемшілігін ашып айту керек. «Бұл міндетті «қоғамдық дипломатияның» өкілдеріне жүктесе, одақ аясындағы көп күмәннің бұлты сейілер еді», – деді өз сөзінде Сұлтанов.
Ал Қазақстанның Франция мен Швейцариядағы бір кезгі елшісі болған Қазбек Бейсебаев қоғамдық дипломатияда журналистердің рөлі зор екенін тілге тиек етті. «Еуразиялық одаққа біріктік екен. Ендеше біраз дүниенің басын ашу керек. Айталық, көзі ашық, көкерегі ояу қауым қазіргі Украиндағы жағдайға қарап Қазақстанның солтүстік бөлігіне алаңдайды. Алайда біз өзімізді және Украинаны салыстыруға тиісті емеспіз. Негізінде бізді біріктіретін құндылықтар бар. Екі елдің арасына сызат түсіргенше соларды көбірек айту керек», – деді ол.
Кездесуді түйіндеген Леся Қаратаева біраз нәрсенің басын ашып айтты. Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің арасына біз емес, теріскей көршіміздің радикалды пікірдегі кейбір саясаттанушылары сызат түсіріп отыр. «Олар интеграцияны өздерінше «басқа қырынан» түсіндірмек болады. «Келмеске кеткен кеңестік дәуірді тірілтеміз…» дегендей пікір айтады. Қазақстандықтар бұған қарсы», – деді өз сөзінде Қаратаева.
Автор: Серік Жұмабаев
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kogamdyik-diplomatiyanyin-kajet-bar-ma-65096/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі
Источник: Alashainasy.kz