ТЕРРОРИЗМ ЖӘНЕ ЭКСТРЕМИЗМ: ОҒАН ҚАРСЫ КҮРЕСУ ОҢАЙ МА?

14.03.2014

«Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубында терроризм мен экстремизм мәселесі сөз болды. Клубтың отырысы аталған тақырыпқа арналуы тегін емес. Негізінен орыстілді саясаткерлер мен журналистер жиналатын жиын әрдайым Қазақстан мен Ресейді қатар алып қарастырады. Бұл жолы да солай болды. Жиналғандар терроризмге қарсы күресті күшейтуді мынадай себептермен байланыстырды. Біріншісі, Еуразиялық экономикалық одақ құрарда бұған қарсылық танытатындар табылуы мүмкін… Екіншісі, Украинадағы жағдай интеграциялық үрдістерге кері әсерін тигізуі ғажап емес. Демек, клуб мүшелері бірінші кезекте террористік әрекеттердің интеграциялық үрдістерге кері әсерін тигізбеуі қажеттігіне алаңдап отыр. Пікір-сайысқа қатысып қайтқан біз бұл тараптағы орыстілділердің көзқарасын біліп қайттық.

Жиынның шымылдығын саясаттанушы Эдуард Полетаев түрді. «Кедендік одақ аясындағы үштік Қылмыстық кодексті, оның ішінде терроризм мен экстремизмге қатысты тармақтарды қатаңдатты. Бұл тегін емес. Себебі бұл жыл интеграциялық тұрғыдан алғанда ауыр жыл болады. Еуразиялық эконмомикалық одақтың келісімшартына қол қойылатын кез тақау. Сонымен қатар Украинадағы жағдайды да назардан қалыс қалдыруға болмайды», – деді ол.

Бұдан сырт Белоруссияның Минск метросында және Ресейдің Волгоград қаласында болған оқиғаларға тоқталды.

– Кінәсіз адамдар опат болған мұндай оқиғаларды болдырмау мақсатында аталған елдер заңнамасын қатаңдату үстінде. Бұлардан Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Бізде жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды.

Менің ойымша интеграциялық үдерістер біздің елдердің терроризмге қарсы бірігіп күресуге көмектеседі. «Қалайша?» дейсіз ғой. Бірінші кезекте қазір террористік ұйымдардың өзі көп ұлтты. Мысалға бір ғана әл-Каиданың өзінде 20-дан астам ұлт өкілдері бар екен. Яғни, мұндай трансұлттық құбылысқа қарсы бірігіп күресу қажеттігі туындайды. Бұл өз кезегінде араздасып қалған елдердің арасын жақындатады. Олар бұл тарапта ортақ келісімге келеді.

Жалпы терроризмге қарсы күрес түрлі деңгейде жүргізіледі. Жаһандық деңгейде БҰҰ ықпалы мықты. Аталған ұйымның террорлық әрекеттерді болдырмау мақсатында соңғы 4-5 жылда ауқымды жұмыстар атқарды. Алайда, соның бәрі Орта Азия елдеріне қатысы жоқ сияқты. Жаһандық террор мәселесін көтерген кезде БҰҰ «Орта Азия елдері мұндай жағдайлардан қаншалықты сақтанған» деген мәселені ұмыт қалдырады.

Ал Қазақ-неміс университетінің профессоры Рүстем Бұрнашев Қылмыстық кодекстегі терроризм тармағының шикіліктеріне тоқталды. Оның сөзінше, біздің билік терроризм мен экстремизмнің арасындағы айырмашылықты түсінбейді. «Бірінше кезекте террорлық әрекеттерге қатысты заңнаманы қатаңдату деген мәселенің өзіне дұрыс тоқталмаймыз. Көбінесе террористерді түрмеге қамату мерзімін ұзартумен ғана шектелеміз. Екіншіден, көп жағдайда терроризм мен экстремизмді қатар алып қарастырамыз. Бұл қате түсінік. Негізінде эстремизмнің ауқымы әлдеқайда кең. Яғни біз экстремизмге қарсы күресті күшейтуміз керек дегенде нақты неге қарсы күресетінімізді өзіміз де нақтылап бере алмаймыз. Айталық, бір адамда террорлық әрекеттерге барды деп айыптау аса қиын. Бұған ең алдымен бұлтартпас дәлелдер болуы керек. Бұл дегеніміз жарылғыш заттар, аталған адамның таспаға түсіп қалған нақты әрекеттері. Ал экстремистік әрекеттерге барды деп кез-келген адамды айыптауға болады».

Бұрнашевтің айтуынша, заңнамада бұларға қатысты нақты түсінік берілмеген. «Айталық терроризм – халықаралық және аймақтық бөліп бөлінеді. Бұл екеуінің айырмашалығы жер мен көктей. Ал бұл біздің Еуразиялық кеңістікте көбінесе бір-біріне қабаттаса қолданылады. Біз әлемдік қауымдастыққа еліктеп террористерді халықаралық деңгейде қарастыруға шеберміз. Сайып келгенде, АҚШ мен Батыс елдері ізін аңдып жүрген террористердің бізге түк қатысы жоқ. Себебі біз халықаралық емес, ұлттық терроризммен бетпе-бет келудеміз. Яғни дәл қазір ұлттық деңгейде террорлық белсенділік танытып отырған шағын топтармен күрес жүргізіліп жатыр. Ал мұндай топтардың халықаралық деңгейге түк қатысы жоқ. Бұлар халықаралық тәртіпті өзгертуге ұмтылмайды. Айталық, Өзбекстандағы террорлық әрекеттер Өзбекстан билігінің режимін құлатуға және саяси билікті өзгертуге бағытталды. Турасын айтқанда, оларға тұтастай Орталық Азияға не болмаса Кедендік одаққа бағытталған жоқ. Ал бұларға қарсы күресті халықаралық ұйымдарды тартуға талпынған Өзбекстан артынша бұл әрекетінен түк шықпасын сезді. Былайша айтқанда халықаралық деңгейдегі күрестің тиімсіздігін бірден байқады да, бұл тараптағы іс-шараларды ұлттық деңгейде жүргізді. Сосын біздің елдер терроримзге қарсы күрес халықаралық мәнге ие болуын қаламайды. Ендеше бүгін Эдуард мырза, сіздің «интеграциялық үрдістер терроримнің алдын-алуға септеседі» деген пікіріңіз мүлдем қисынсыз. Неге? Себебі біздің аймақтағы террористік әрекеттер негізінен халыққа болмаса мемлекетке бағытталып отырған жоқ…

Леся Каратаева, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері: Сіздің айтқан пікіріңізге қосыламын. Терроризмге қарсы бірігіп күресу туралы келісімшарт жасау оңай, ал оны жүзеге асыруы қиын. Себебі, бұған қол қойған әр ел аталған келісімшартты өз ыңғайына, көзқарасына қарай қолданады. Сосын мұндай оқиғалар орын аларда бір ел екінші елдің ішкі ісіне тұмсық тыққысы келмейді. Айталық, өз басым Лукашенконың Орталық Азиядағы террористердің көзін құрту үшін «өз адамдарын» жібереді дегенге сенбеймін. Себебі әрбір ел бірінші кезекте өз қауіпсіздігін ойлайды. ТМД аясында 2014-2016 жылдарға арналған терроризмге қарсы тұру туралы бағдарламаны қарап шықтым. Көңілім толды. Сапалы, сауатты жасалған. Сондай-ақ мұнда ақпараттық технологиялық ғасырда террорлық әрекеттердің түрлеріне, өзгерістеріне мән берілген. Осы ретте кибер-терроризм атты жаңа ұғымды қалыптастырыпты. Бұл – «қазіргі терроризм жарылыстар жасаумен ғана шектеліп қалмайды, сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге тырысады» дегенді білдіреді.

Сосын соңғы кездері біз бұл ұғымды тым саясиландырып жібердік. Мысалға, бір ғана Украинадағы Майданның өзі неге тұрады. Халықтық көтеріліске бірқатар басылымдар «террорлық әрекет» деп баға бергенін де білеміз. Бұлай деп айтуға кімнің дәті бар? Мұндай мәлімет таратқан ақпарат құралдарының өзі терроризм атты ұғымды, оның негізгі мағынасын толық түсінбейді. Сол себепті осындай саяси қателіктерге барады. Ал мұндай ақпараттар өз кезегінде билікке де әсер етпей тұрпайды. Ақпарат құралдары Майдан наразылықты «терроризммен» теңеген болса, ендеше билік те террористерге қарсы күрескен болып шығады…

Өз басым террорлық әрекеттерге қарсы күресті интеграциялық үдерістің аясында емес, ұлттық шеңберде шешу керек деп ойлаймын. Себебі, қазіргі терроризмнің өзі негізінен партизандық сипатқа ие. Ал бұл әрбір елдің ішкі мәселесі. Оған анау жақтан Ресей, мына жақтан Өзбекстан араласуға тиісті емес.

Меніңше бұл тарапта тек ақпарат алмасумен және көрші елдің қашқында жүрген қылмыскерін табыстаумен ғана шектелу керек.

Замир Қаражанов, саясаттанушы, «Литер» газетінің журналисі:

– Иә, дұрыс айтасыз қазір ақпараттық соғыстың ықпалы күшті. Сондықтан бірінші кезекте ақпараттық қауіпсіздікті ойластыру қажет. Бұл ретте әзіргі күнгі Ресей мен Украинаның арасындағы «мылтықсыз майданды» мысалға алайықшы. Ресейлік ақпарат құралдары майдандағы жұртты – «террористер» деп атаса, украин баспасөзі оларға «көтерілісші» деген баға берді. Қалай ойлайсыздар, кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Сайып келгенде, қазір қарудан емес, қаламнан қорқу керек. Егерде біз біртұтас интеграциялық кеңістік қалыптастыратын болсақ, ендеше ортақ ақпараттық кеңістікті құруымыз қажет. Бұл мұндай кезде ауадай қажет дүние. Бұл арада жоғарыда пікір білдірген азаматтардың сөзімен келіспеймін. Меніңше, ортақ кеңістікті қалыптастырғалы отырған мемлекеттер терроризм мәселесіне келгенде бірігіп әрекет етуі қажет. Сосын бізге халықаралық деңгейдегі террористердің келуі мүмкін емес дейтіндердің неге сүйенетінін білмеймін. Айталық, Сирия. Былай қарасаңыз, айдалада жатқан ел. Бірақ бұл мемлекетке біздің Қазақстан азаматтары аттанып жатыр. Солардың жолын бөгеп отырған қандай құрылымды көріп отырсыздар? Ал сол Сирияға аттанған азаматтар ертең Қазақстанға қайтіп келсе не болмақ? Бұлардың барлығы да соғыстың дәмін татқан, террористік тәжірибені меңгерген. Дәл мұндай жағдай көрші Ресейге де тән. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, қазір Сирияда кем дегенде 400 ресей азаматы соғысып жүр. Сайып келгенде, Батыс пен Шығыстың өзара диалог құруына осындай жалдамалы жауынгерлердің әрекеті кері әсерін тигізіп отыр.

Екінші мәселе, экстремизм мен терроризмнің алдын-алу туралы бағдарламада Қазақстанда террорлық тәуекелдердің артып келе жатқаны туралы айтылады. Бұл қаншалықты сарапталған, сүзгіден өткен зерттеу екенін өз басым білмеймін. Білерім – бүгінгідей жаһанданған әлемде транспорттық инфрақұрылымдарға тек бизнес өкілдері ғана емес, сонымен қатар террористік топтар да қол жеткізіп отыр. Ал интеграциялық үдерістер террорлық әрекеттердің алдын-алуға нақты септесуі үшін бұл тарапта нақты бағдарлама қабылдау қажет.

Үшіншіден, «интеграциялық үдерістер террорлық топтардың көбеюіне жол ашады» деген Эдуард мырзаның сөзімен келіспеймін. Жалпы, мұндайды болдырмау үшін – әлеуметтің тұрмысын түзеу қажет, яғни экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, өмір сапасын арттыру керек.

Төртіншіден, біз терроризм туралы айтқанда бұларды кім қаржыландырып отыр деген мәселені аттап өтіп кетеміз. Көпшілік бұл шығыстан (кімді, нені меңзеп отырғанымызды түсінген боларсыздар) тараған індет дейді. Болды. Басқа ештеңе алып қоса алмайды. Ал негізінде қазіргі күні бұл тарапта жаңа кезең басталды. Белгілі бір елдің шаңырағын шайқалтуды көздеген ықпалды топтар террористерді өз ыңғайына пайдалануы мүмкін. Ал 2014 жыл тек Қазақстан үшін емес, жалпы Орта Азия кеңістігі және Ресей мен Белоруське де ауыр соғады. Бұған себеп – ауған факторы. Жақында Қазақстанға белгілі ауғандық саясаткер Абдул Рашид Дустум келді. Көпшілік, оның ішінде саясаттан хабары бар азаматтар бір кездері Дустум қаншалықты ықпалды тұлға болғанын жақсы біледі. Міне сол Дустум сыбысқа сенсек, вице-президент болуға үміттеніп отыр. Ал тікелей батысшыл ұстанымдағы Ашраф Ғани Ахмадза президенттік таққа отырмақ. Сырттан барлығы жақсы болғанмен, бұл елдегі сайлау қалай өтеді. Оның көршілес мемлекеттерге әсері қандай болмақ? Осы жағын ойланған жөн. Өз басым ауған сайлауы тыныш өтеді деген күдікпен қараймын.

Дайындаған Шынар Қанай

Источник: Түркістан