Универсиада бізге не берді?

10.02.2017

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының кезекті отырысы «Универсиада жетістігі: спорт халықтарды біріктіреді» деген тақырыпқа арналды.

Шараның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде аталған жарыстың Қазақстанның саяси имиджін қалыптастыруда маңызды орын алатынын айтып өтті. «Осы арқылы біз әлемге ірі-ірі халықаралық шараларды қабылдай алатынымызды дәлелдедік» деді ол.

Ал одан кейін сөз алған журналист Сергей Козловтың пікірінше, осындай шараларды қабылдау арқылы, Қазақстан өзінің спорт мәдениетін қалыптастырады. «Айталық, Лондонда сенбі және жексенбі күндерін халық спортқа арнайды. Универсиада ел арасында спорт мәдениетін қалыптастыруға септеседі деп ойлаймын» дейді ол.

Саясаттанушы Әділ Кәукеновтың пікірінше Универсиададан кейін Қазақстанның Қысқы Олимпиаданы қабылдау мүмкіндігі өсті.

Ал саясаттанушы Айдархан Құсайынов өз сөзінде: «Иә, спорт елді біріктіреді. Бірақ, бұл саланы жүйелі түрде дамыту керек. Себебі, спорт та саясат. Спорттың түрлі саласын дамытуға қаржы керек» деген пікір білдірді.

Өз кезегінде Құсайыновтың сөзін толықтыра кеткен сарапшы Антон Морозов: «Универсиада өтеді, кетеді. Біз одан кейін қалатын спорттық нысандарға мән беру керекпіз. Ертең олар қаңырап қалмай ма? Оларды тиімді пайдалану керек. Туристерді Универсиада өткесін де молынан шақыруға болады» деді.
Жиынды қорытындылаған сарапшы Мәдина Нұрғалиева өз кезегінде Универсиаданың спорттық нысандарының қаңырап қалмасына сенім білдірді. «Халық спорттың өзіне, балаларына керек екенін түсініп келеді» деді ол.

Источник: Ақпараттық-сараптамалық 365Info порталы