«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының қатысушылары талқыға салған кезекті тақырып – «Еуразиялық экономикалық одақ – ШЫҰ – БРИКС: Мемлекетаралық қатынастардың жаңа сапасы».
Отырыстың шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде шілде айының басында Башқұртстан астанасы Уфа қаласында ШЫҰ және БРИКС саммиті өтетінін тілге тиек ете келе, Уфадағы шаралар Қазақстан үшін ерекше маңызға ие дегенді баса айтты. «Иә, Қазақстан БРИКС-ке мүше емес. Дегенмен, бұл ұйымға ерекше мән беруіміз керек. Неге десеңіздер, дәл осы ұйымға мүше мемлекеттерде Жер шары халқының 40 пайызы тұрады және экономикасы тұрақты. Сонымен бірге бұған біздің одақтасымыз Ресей федерациясы да мүше. БРИКС-ты құруға бастамашы болған да ресейліктер болатын», – деді Полетаев.
Қазақ-неміс университетінің жанындағы халықаралық және аймақтық әріптестік институтының директоры Болат Сұлтанов болса, АҚШ-ты нысанаға алды. Оның айтуынша, 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін АҚШ терроризмге соғыс ашты. Осының салдарынан Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия сияқты мұсылман елдері жапа шекті. «АҚШ-тың назарына алдымен Ислам елдері ілікті. Екінші кезектегі нысан, бұлар АҚШ-тың қос бәсекелесі – Ресей мен Қытай. Ендеше, Қытай мен Ресейдің ШЫҰ, БРИКС сияқты ұйымдарды құруға бастамашы болғаны кездейсоқтық емес», – деді ол. Ал «Алмагест» консалтингілік компаниясының директоры Айдархан Құсайынов іс жүзінде Еуразиялық одақ, ШЫҰ, БРИКС сияқты ұйымдардың мақсаты бөлек. Бұлардың ішінде тек Еуразиялық одақты ғана аймақтық ірі экономикалық ойыншы ретінде қарастыруға болатынын тілге тиек етті.
Бұл тұрғыда саясаттанушы Марат Шибұтов оның сөзімен келіскен жоқ. «ШЫҰ да ірі ойыншы. Оның әуелден құрылу мақсаты бұрынғы Кеңес республикалары мен Қытайдың арасындағы шекараны анықтау болатын, – деп кесіп айтты.
Ал алқалы жиынды түйіндеген саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше, бүгінде Еуразиялық одақ ШЫҰ мен БРИКС-ты басып озды. Мұның себебі одақта жұмысты алға жылжытатын ұлтаралық құрылымдар құрылған, –деді ол.
Осы жан-жақты пікір мен ұстанымдарды салыстыра келе, аты дардай ұйымдардың саясат сахнасындағы орнын бағамдауға болады. Ал Еуразиялық одақтың белсенді түрде әрекетке көшкенін саясаттанушылар да жасырар емес.
Динара Мыңжасар
Источник: Түркістан